С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде мүмкіндіктері шектеулі балаларға арналған «ЭКСПО және Универсиада – Қазақстанның имидждік жобалары» тақырыбында шығармашылық жұмыстардың байқауы өтті.

Шараның өтуіне Павлодар мемлекеттік университетінің психология және педагогика кафедрасының өкілдері мұрндық болды. 

Байқау Павлодар облысының арнайы білім беру мекемелерінде білім алатын мүмкіндіктері шектеулі балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталды. Қатысушылардың қатарында есту қабілетінен айырылған балалар да болды.

С. Торайғыров атындағы ПМУ қабырғасында өткен шара балаларды бейнелеу өнеріне баулуды, заманауи ұлттық тәрбие жетістіктеріне жетелейтін шығармашылық қабілет-қарымды ұштауға бағдар беруді, дарынды балаларды дамытуды, олардың жетістіктерін паш ету мен шығармашылық ортаны қалыптастыруды көздеді. 

П.ғ.к., кафедра профессоры Сәуле Ксембаеваның айтуынша, балалардың әлемнен оқшау қалып қалмауы маңызды.

«Көп жағдайда балалар өз оқу мекемелерінен басқа орталарда танылмайды, басқа іс-шараларға қатыса бермейді. Біз осы жоба арқылы дарынды балалардың ірі шығармашылық шараларға қатысып, өздерін танытуына жол салғымыз келді. Қосарлы білім беру бағдарламасы аясында біздің студенттер қоғамдағы мүмкіндіктері шектеулі жандар мен балаларды қолдау мақсатында қарттар үйі, жасөспірімдер үйі, «Томирис» әйелдер клубы мен басқа да арнайы мекемелерге барып тұрады. Біздің мақсат – мүмкіндігі шектеулі балалардың әртүрлі шығармашылық жобаларға қатыса алатын, әлеуметте өздерін еркін сезінетін қолайлы ортаны құру. Қатысушыларымыздың мүмкіндігінің шектеулілігіне қарамастан, олар өз қолымен сурет салып, кестелеген 70-тен аса қолөнер туындыларын тапсырды. Олар өте белсенді, өз-өзіне сенімді. Біздің бұл бастаған ісіміз әлі жалғасын табатын болады. Өйткені, біздің ұстаным – біз бірге бәріне қол жеткізе аламыз!», – деді Сәуле Камалиденқызы.