С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «Акцент» құрама командасы Сочи қаласында өтетін «КиВиН-2017» КВН командаларының XXVIII Халықаралық фестиваліне жолдама алды.

Көңілді және тапқырлар клубы фестивалі биыл кезекті рекордын еңсерді. Бұл шараға Ресей мен жақын шетелден 700-ге жуық команда қатысты. 

КиВиН екі турдан және гала-концерттен тұрды. Дәстүрлі сочилік «КиВиН 2017» фестиваліне жүздеген командалар атсалысады. Қатысушылар өздерінің дарындары мен қабілеттерін және клубтың қай лигасына лайықты екенін дәлелдеп шығуы тиіс. Сондай-ақ, аталмыш көңілді тапқырлар сайысында кәсіпқой командалармен бірге қадамын тәй-тәй басып келе жатқандар да бақтарын сынай алады. Барлық қатысушы топтар тең дәрежеде өнер көрсетіп, жеңіске жете алады.

Фестивальдің қорытындысы бойынша ерекше  көзге түскен ПМУ-інің «Акцент» құрамасының жігіттері залдағы көрермендерді күлкіге қарық қылып, орталық КВН лигасында өнер көрсету құқығын лайықты жеңіп алды. 

ПМУ құрамасының капитаны Олжас Қоңыратбаев топтың жеңісі туралы бірер сөзімен бөлісті: «Мұндай деңгейдегі шараға алғаш қатыстық. Сочиде өткен КВН фестивалі – өте ірі әрі ерекше шара. Бұл  тәжірибе бізге ұмытылмастай әсерлер қалдырды. Біз көңілді тапқырлар мерекесінде болуды асыға күттік. Сонымен бірге, шаттыққа толы әзіл әлемнің бір бөлшегі болғанымызға қуаныштымыз».