Жуырда Астана қаласында «Қазақстан Республикасының индустриалды-инновациялық дамуындағы жастар энергиясы» атты І Республикалық ғылыми-тәжірибелік workshop-семинары өтті.
Шара барысында Қазақстан Республикасының 2015-2019 жылдарға арналған ИИД МБ шеңберінде білім алып жатқан магистранттардың жобалар байқауы қорытындыланды.
С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің намысын «Органикалық заттардың химиялық технологиялары» және «Металлургия» мамандықтары бойынша білім алып жүрген алты магистрант қорғады.
Магистранттар Евгений Вилавский, Ернар Тілектесов, Якобс Сергеевс, Ғалымжан Төлеубаев, Руслан Шакенев, Саят Спанов өндірістік ағынды суды мұнай өнімдерінен тазарту үрдісі, мұнай коксын қыздырудың тиімді технологиясы, пештен тыс болат өңдеудің жетілдірілген әдістері бойынша зерттеу жобаларын ұсынды.
Байқау қорытындысы бойынша Якобс Сергеевс «Үздік тұсаукесер», ал Ернар Тілектесов «Үздік спикер» аталымдарында жеңімпаз атанды.
Тіркеу кеңсесінің директоры, ИИД МБ – 2 бойынша жобалық кеңсесінің жетекшісі Петр Быковтың айтуынша, мұндай шаралар магистранттарға өз жұмыстарын республикалық дәрежеде танытуына, ал университетке магистранттар дайындығының жоғары деңгейін көрсете алуына мүмкіндік береді.
«ПМУ-да жастар мен студенттік ғылымның дамуына бар жағдай жасалған. Факультеттерде және кафедраларда жыл сайын 100-ден аса ғылыми шаралар: конференциялар, мектептер, байқаулар, олимпиадалар өтіп тұрады. Ал семинардан алған ғылым мен шығармашылық шабыт жас қатысушылардың талабына қанат бітірері анық. Өз жобасы үшін қатысушымен қатар жетекшілер де жанкүйер болды», – дейді Петр Олегович.