Павлодар мұнайхимия зауытының бас директоры Шухрат Данбай С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің химиялық технологиялар және жаратылыстану факультетінің оқытушылары мен студенттеріне дәріс оқыды.

Шухрат Әбдурашитұлы өз сөзінде Қазақстан Республикасындағы мұнай өңдеу саласының дамуы туралы «ПМХЗ» ЖШС мысалында әңгімелеп берді. 

Мұнымен қоса, дәрісте Қазақстан Республикасында 2012-2016 жылдары өндіріс, экспорт, мұнай өңдеудің және басты мұнай өнімдерінің табыс көрсеткіштерін қарасытырды. Және де, дәріскер өндіріс орнының модернизациясы мен жаңа технологиялық құрылғылары туралы баяндады.   

Шухрат Әбдурашитұлы С. Торайғыров атындағы ПМУ-інің жаңа коворкинг орталығымен танысып, оқу орнының креативті бұрышына жоғары баға берді. 

 Ескере кетейік, 2015 жылы С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті мен «Павлодар мұнайхимия зауыты» ЖШС өзара ынтымақтастық және кафедраның филиалын құру туралы келісімге келген болатын.

Аталмыш келісімнің негізінде бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын  жүргізу, студенттер мен магистранттардың  кәсіпорында тәжірибеден және тағылымдамадан өтуі, сонымен бірге, профессорлық-оқытушылар құрамы мен кәсіпорын қызметкерлерінің біліктілігін арттыру көзделген. 

Мұнымен қоса, ИИД МБ-2 бойынша С. Торайғыров атындағы ПМУ «ПМХЗ» ЖШС-імен бірлесіп жоғары оқу орнының бас ғимаратында «Мұнай өңдеу және нанотехнология үрдістері» зертханаларын ашты. 

Павлодар мұнайхимия зауытының басшысы университеттің ПМХЗ-мен ынтымақтастығы жалдарында оқу ордаға елу миллион теңге қаржы салғанын ескеріп, өзара ынтымақтасыққа лайықты бағасын берді. 

«Біз Павлодар мемлекеттік университетіне салған қаражаттың ақталғанын дәлелдедік. Тапсырыс беруші ретінде сіздерден кәсіпорынымызды жаңа белестерге шығаратын кәсіби білікті мамандарды күтеміз», – деді Шухрат Әбдурашитұлы.

– Егер университетті бағалайтын болсам, ойланбастан, ПМУ-ға жоғары баға қояр едім. Жоғары оқу орны өркендеп дамып келеді, әсіресе, бұл қарқын оқу орнына жаңа ректордың келгенінен кейін байқалады. Университет шын мәнінде көркейді. Студенттердің де белсенділігі артқанын аңғарамын.  

Кездесудің соңында қонақ, біліктілігі жоғары мамандарды даярлау ісінде қиындықтарға қарамастан, алға қойған мақсаттан таймай алға жылжуды тіледі.