С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде қазақтың көрнекті ақыны Дулат Бабатайұлының шығармашылығына арналған әдеби кеш өтті.

2016 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының бастамасымен өткен «Бір ел – бір кітап» республикалық шарасы аясында Дулат Бабатайұлының «Өсиетнамасы» жыл кітабы деп танылды.

Дулат Бабатайұлы ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі. Өлеңдері ел ішінде көп тараған. 1880 жылы Қазанда жарық көрген «Өсиетнама» деген жинағына ақынның замана туралы толғаулары енген. Ол – отарлау саясатының қазақ елін талан-таражға салу, халықтың дербестігін біржола жойып, тәуелділікке айналдыру әрекетіне қарсы шыққан, халықты күреске шақырған күрескер ақын.

Кітапхананың көркем әдебиет секторының кітапханашысы Елена Лиханова өз сөзінде қазақ даласынан шыққан ақындар арасында алғашқы болып Дулат Бабатайұлының өлеңдері баспаханада басылып, жарыққа шықандығы туралы деректі айтып өтті.

Библиографиялық шолуға және пікірталасқа қазақ филологиясы кафедрасының студенттері мен оқытушылары белсене атсалысып, ақынның өлеңдерін оқыды.

Көркем әдебиет секторының келушілері назарына ақынның шығармашылығына арқау болған кітап көрмесі ұсынылды.