С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенті Дмитрий Федькович Польшаның Жешув қаласында өткен спорттық акробатика бойынша әлем Кубогының кезеңдік финалында күміс жүлдегер атанды.

Сайысқа Қазақстан, Ресей, Белорус, Польша, Германия, Қытай, Бельгия және жаһанның басқа да мемлекеттерінің атлеттері бақтарын сынады.

Дмитрий Федькович сайыстың барлық кезеңдерінде серіктесі Ангелина Яницкаямен үздік нәтижелер көрсетті.

Дмитридің спорттағы жетістіктерінің тізімі республикалық және халықаралық турнирлердегі жеңістермен толығуда.

Дмитрий Федькович акробатикалық гимнастика бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан Республикасының Кубогының иегері, әлем және Азия чемпионы.

Дмитрий келесі жарыстарға қызу дайындыққа кірісіп кетті. Ол уақыт бөліп, жеңісті сапарының әсерлерімен бөлісіп те үлгерді.

– Әлем Кубогы – бұл мықты әрі тәжірибелі спортшылардың жарыс алаңы. Сондықтан, мұндай деңгейлі додаларға қатысу үлкен жауапкершілік әрі толқынысы да басым болады, – дейді Дмитрий. – Біз жеңіске жету үшін қолымыздан келгенін жасадық. Бастысы өзімізді көрсете білдік. Мен алар асудың биіктей беретінін түсініп, бір жерде тұрып қалмау қажеттігін анық аңғардым. Сол себепті де, алар асу әлі алда деп білемін.