С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Қазақстанды жаяу аралау» шеберлік сыныбының ұйымдастырушысы Денис Кинмен кездесу өтті

«Қазақстанды жаяу аралау» жобасы Қазақстан тұрғындарының туған мекендерін жаяу аралауы арқылы өздерінің қалаларын зерттеп, тануға және жаңа туристік маршруттарды жасауға бағытталып отыр.

Денис Киннің айтуынша, шеберлік сыныпқа ағылшын тілін игеріп жүрген, өз қаласын жақсы білетін және халықаралық туризмнің дамуына үлес қосқысы келетін азаматтар қатыса алады.

Бірінші күні Денис өзінің «Walking Almaty» («Алматыға жаяу») жобасын таныстырып, қатысушыларға туған қаланы жаяу аралап жүріп, зерттеуге болатынын айтты.

Шеберлік сыныптың екінші кезеңі «American corner»-ден («Америкалық бұрыш») бастау алады. Бұл кезеңде Денис қатысушылармен бірге қаланың тарихымен танысу, алуан түрлі серуендік маршруттардың ерекшеліктерін талқылау мақсатында екі сағаттық серуенге шығады.

Сонымен қатар, туған қаланың тарихына қатысты мәліметтер, қала сызбасы мен серуеннің маңызды сәттері ұсынылады.

Денис Киннің мәлімдеуінше, үшінші күні қатысушылар өздерінің экскурс-турларын көптің назарына ұсынады. Ал соңғы экскурсиялық серуендерге барлығы қатыса алады.