Жуырда Астана қаласында өткен орыс тілі білгірлерінің «Ой сана» VIII республикалық байқауы қорытындыланды.

Байқау қазақ тілінде оқитын жастар арасындағы орыс тілі білгірлерінің, облыстық және өңірлік додалардың жеңімпаздарының басын қосты. 

Еске сала кетейік, наурыз айында «Тіл – білімінің кілті» атты облыстық байқауының жеңімпазы атанған С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің магистранты Елдана Асанбаева республикалық байқауға жолдама алған болатын. 

Осымен сегізінші мәрте өтіп жатқан байқауда биыл Қазақстанның әр облыстарынан келген 13 қатысушы бақтарын сынады.  Білім додасы эссе жазу, орыс жаңылтпаштарын дұрыс әрі жылдам айту және кез келген тақырыпта лезде әңгіме құру кезеңдерінен тұрды.   

Соңғы «Шабыт жұлдызы» кезеңінде қатысушылар орыстың халық әндерін орындауды яки орыс классиктерінің шығармаларынан үзінділерді мәнерлеп оқу қабілеттерін танытуды көздеді.

Байқау нәтижесі бойынша Елдана Асанбаеваны дипломмен марапаттап, қаржылай сертификат табыс етті. «Әр өңірдің тұрғындары бас қосқанда ортақ тіл табысып кетеміз. Бұл – орыс тілінің өзара түсіністіктің, ынтымақтастықтың тілі екеніне дәле бола алады», – дейді Елдана.