С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде халықаралық Қарттар күніне арналған мерекелік іс-шара өтті.

Бұл күні қариялар дастархан басында жоғары оқу орнында қызмет еткен жылдарын, әріптестері мен шәкірттерін жылы шыраймен еске алып, университеттің жыл өткен сайын өзгеріп, жаңа серпінмен көркейіп жатқанына қуаныштарын білдірді. 

С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің даму стратегиясы, тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры, с.ғ.д., профессор Арман Ақышев құттықтау сөзінде көп жылғы бейнеттің зейнетін көріп жатқан қарттарды қадірлеудің, оларға әрдайым қамқорлық танытудың маңыздылығына баса назар аударды. «Жыл сайын біз айтулы мереке күні туған ұжымымызда қауышамыз. Мен Сіздерді ПМУ басшылығы атынан шын жүректен құттықтаймын, жоғары оқу орнының дамуына, жалпы облыстың, еліміздің өркендеуіне салған қажырлы еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіріп, Сіздерге ұзақ ғұмыр тілеймін», – деді Арман Айтмұхаметұлы. 

Университеттің шығармашылық ұжымдары өз өнерлерін көрсетіп, қариялардың көңіліне шаттық сыйлап, қуанышқа бөледі.

Қариялар күніне орай ардагерлерге қаржылай көмек те көрсетілді.