С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Әмірхан Рахымжанов жұмыс сапарымен келді.
Құрметті қонақтың университетпен таныстығы қабылдау комиссиясының жұмысымен танысудан басталды.
Қонақ С. Бейсембаев атындағы ғылыми кітапхана, мұражай кешенін, «Ертіс» ғылыми-технологиялық паркін, Нобель сыйлығының иегерлері және О. Сүлейменов атындағы дәрісханаларын аралады. Әмірхан Рахымжанов университет қабырғасында жуырда ашылған өңірлік стартап академиясының жұмысына куә болып, кәсіпкерлік университет ретіндегі оқу орда трендтерімен таныс болды. Сонымен қатар, қонақ Жанна Прашкевичтің «Маркетинг технологиялары» тренингісіне қатысты.
Сондай-ақ, қонақ назарына стартапшылар өздерінің бизнес-моделдерін ұсынды. Олар С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті командасының Торонто қаласында (Канада) өтетін әлемдік Enactus 2016 кубогында Қазақстанның намысын қорғайтыны туралы баяндап берді.
– Павлодар өңірі білім кеңістігінде жоғары сапалы білімімен танымал. Енді міне, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері кәсіпкерлік саласында зор жетістіктерге жетуде. Бүгінде студенттермен қоса профессорлық-оқытушылар құрамының да қызығушылығын арттырған бұл бағыттағы табыстары мен жеңістеріне куә болудамыз, – деді Әмірхан Мұратбекұлы.
Бұдан бөлек, Әмірхан Рахымжановты ғылыми зертханалар мен агротехнология, микробиология, машинажасау және ғылымның басқа да салаларындағы инновациялық жобаларымен қанық етті.
Және де, Әмірхан Мұратбекұлы жаңа 500 орындық студенттік жатахана тұрмысымен де таныс болды.