С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде корей мәдениетінің күні өтті.
Корей мәдениетінің күні С. Торайғыров атындағы ПМУ «Бірлік» студенттік Ассамблеясының ұйымдастырумен өтіп жатқан «Қазақстан – ортақ үйіміз» фестивалінің аясында өтті.
Корей мәдениетін паш еткен мерекеге Қазақстан корейлерінің ассоциациясының Павлодар облыстық филиалы мен С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың «Бірлік» студенттік Ассамблеясы ұйытқы болды.
Шараның мақсаты аймақтағы корей халықтарының мәдениеті мен өнерін, салт-дәстүрі мен ұлттық тағамдарын көпшілік назарына таныстыру, қоғамдағы татулық пен ұлтаралық келісімді нығайту болып табылады.
Павлодар мемлекеттік университетінің академиялық жұмыс жөніндегі проректоры Гаухар Ахметова өз сөзінде университет пен Павлодар облысы корей ұлттық этномәдени бірлестігі арасындағы серіктестік қарым-қатынас алдағы уақытта дамып, нығайа беретініне сенімділігін жеткізді.
– Корей елінің атауы «Таңғы самал елі» дегенді білдіреді екен. Таңмен оянатын ел еңбекқорлығы мен өнерге деген құлшынысының арқасында бүгінде дамыған мемлекеттер қатарынан орын алды. Корейліктер – өзге халықтардың өнеріне зор құрмет таныта білетін халық. Корей ұлты өнерге деген махаббатымен, құштарлығымен де өзгеден ерек. Бұған бүгінгі концерт де дәлел бола алады. Этномәдени орталық университет оқытушылары мен студенттеріне тамаша мереке сыйлады. Бұдан кейін де ынтымақтастығымыз арта түседі деп сенемін, – деді Гаухар Ғалымқызы.
Павлодар облысы корей этномәдени бірлестігінің өкілдері С. Торайғыров атындағы ПМУ ұжымы мен студенттер қауымына мазмұнды да қызықты бағдарлама дайындап, ана тілдерінде ән салды, мың бұрала ұлттық билерін биледі. «Анен» ансамбльі, «Юникс» заманауи би студиясы және облыстық корей этномәдени бірлестігінің Ефрем ауылдық филиалының жас өнерпаздары тамаша өнер көрсетті.
Сонымен қатар, қонақтар көрермендерді корей халқының ұлттық тағамдарынан дәм татқызды.
Павлодар облысының корей этномәдени бірлестігінің төрайымы Раиса Афанасьева:
– Бүгін еліміздің жетекші университеттерінің бірі – С. Торайғыров атындағы ПМУ қабырғасында корей мәдениетін таныстырғанымызға өте қуаныштымыз. Алдағы уақытта біздің бірлестіктің жастары белсенді студенттермен бірлесіп, қоғам үшін пайдаға асатын шараларды атқаратын боламыз деген үміттемін. Себебі, біздің бірлестік мүшелерінің қатарында Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері де бар, – деді Раиса Самсоновна.
Мереке барысында корей ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесі өтті. Сондай-ақ, С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың С. Бейсембаев атындағы ғылыми кітапханасының мұрындығымен корей әдебиеті мен этникалық басылымдар көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.