С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің оқытушысы Майса Ықласова Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Әбу Даби қаласында өткен қолөнершілердің мәдени мұрасы фестиваліне қатысты.
Майса Ықласова – суретші, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, С. Торайғыров атындағы ПМУ «Сәулет және дизайн» кафедрасының аға оқытушысы.
Фестиваль әртүрлі елдер арасында мәдени ынтымақтастықты нығайтуды, БАӘ тұрғындарына жер жүзінің әртүрлі халықтарының ұлттық-мәдени құндылықтарымен таныстыру мақсатын көздеді.
2009 жылдан бері жылына бір рет өтіп тұратын халықаралық көрмеге Сауд Арабиясы, Мысыр, Оман, Марокко, Бахрейн, Босния, Ауғаныстан және ең алғаш рет Қазақстан қолөнершілері қатысты.
Майса Ықласова бұл фестивальге дәстүрлік ежелгі қазақ техникасымен жасалған киіз суреттерді, сондай-ақ текемет және киізден жасалған кәдесыйларды апарды.
«Бұл фестивальде біз қазақтың ұлттық қолөнерін және қолданбалы өнерін паш еттік. Мұнда тек жасаған дүниелерімізді көрсетіп қана қоймай, онымен қоса оларды жасау және әзірлеу жолдарын баяндап, шеберлік сабақтарын өткіздік», – дейді қолөнерші.
Сондай-ақ, Майса Қамысбайқызының айтуынша, олар шығыстық өнердегі қолданбалы дәстүрмен танысып, ал басқа шеберлер өз кезегінде көшпенділердің көп ғасырлық дәстүрімен және «дала рухымен» жанаса алды.
Павлодар мемлекеттік университетінің оқытушысы қолөнершілер мерекесінде қазақтың қолөнерін лайықты деңгейде танытып, оның еңбектері арқылы шығыс елдері және көптеген еуропалық саяхатшылар Ұлы дала елінің өнерімен танысты.
Фестиваль қорытындысы бойынша БАӘ-дегі Қазақстанның елшісі Қайрат Лама Шариф Халифа бен Заид Аль Нахаян шейхының қайырымдылық қоры атынан Майса Ықласоваға алғыс хат пен сертификат табыс етілді.