С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің бес бірдей оқытушысы 2015 жылғы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» республикалық байқауының жеңімпазы атанды.

Айтулы грантты С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың оқытушылары: б.ғ.д., химиялық технологиялар және жаратылыстану факультетінің деканы Қанат Ахметов, техн.ғ.д., сәулет-құрылыс  факультетінің деканы Марат Күдерин, б.ғ.д., «Биотехнология» кафедрасының профессоры Сәуле Абимульдина, ф.ғ.к., «Қазақ филологиясы» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Айнұр Кәріпжанова, э.ғ.к., «Экономика» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Айнаш Нұрғалиева иеленді.

«ЖОО үздік оқытушысы» байқауы оқытушылардың шығармашылық қабілеттерін ұштауға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді. Мұнымен қоса, ғылымның жаңа бағыты бойынша халықаралық конвенция талаптарына сай ұстаздардың кәсіби деңгейінің өсуіне жол ашылады. 

«Ұстаз ісі сырттай қарапайым болғанымен, тарихтағы ең ұлы істің бірі» демекші, кәсіби тұрғыдан өз ісінің нәтижелерін үздік көрсетіп, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» байқауында жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар шыққан әріптестеріміздің еңбегі шын бағаланды деп есептеймін», – дейді грант иегері Айнұр Каріпжанова.

Бұл гранттың арқасында ғалымдар өздерінің ғылыми жұмыстарымен тереңірек айналыса алады. Өйткені, «ЖОО үздік оқытушысы» байқауындағы жеңіс оқытушылардың әлемдегі алдыңғы қатарлы университеттерде тағлымдамадан өтуіне мүмкіндік береді. Бұдан өзге, жеңімпаздар жыл бойы зерттеу жобасының тақырыбына сай жұмыстармен және оқу үрдісін ұйымдастыру бойынша халықаралық, республикалық ғылыми конференциялар, симпозиумдар, конгресстер мен семинарлар жұмысына қатыса алады. Бұл жұмыстардың нәтижесінде білім беру саласында екі елдің ғалымдары мен мамандарының бірлескен жобалары, тәжірибе алмасуы жүзеге асады.