«Мистер ПМУ – 2015» байқауына С. Торайғыров атындағы ПМУ жастар ісі жөнідегі комитеті мұрындық болды.
Байқаудың финалына 70 үміткерлерден іріктелген оқу орданың сегіз қырлы, бір сырлы 10 азаматы 4 кезеңнен тұратын сайыста бақтарын сынады. Олар: Әлибек Қабылда, Назар Тұрсынов, Тамерлан Қабдылғалиев, Ердәулет Ергеш, Арғын Хасенов, Ерасыл Кенжеханов, Әлішер Рашид, Айдархан Файзулин, Еркебұлан Өсербай.
Университеттің сайдың тасындай іріктелген жігіттерінің өнері мен парасатын тамашалауға келген көрермендерге зал лық толы болды. Бәйгеде жігіттердің білімі мен біліктілігі, таланты мен тапқырлығы, өнері мен өресі сынға салынды, қабілет-қарымы шыңдалды.
Сайыс қатысушылардың өздерін таныстыру бейне роликтерін тамашалаудан басталып, кейін дефиле, зияткерлік және шығармашылық кезеңдерімен жалғасты.
«Мистер ПМУ – 2015» байқауы студенттердің тынымсыз да қиын рубежді бақылау аптасында қуаныш, көтеріңкі көңіл-күй сыйлағаны рас. Ал бастысы, байқау биылғы оқу жылындағы Павлодар мемлекеттік университетінің жігіт сұлтанын анықтап, оқу орданың өнер айдынына жаңа есімді сыйлады. Ол есім – «Серпін» мемлекеттік бағдарламасы бойынша білім алып жүрген, химиялық технологиялар және жаратылыстану факультетінің ОЗХТ-101 тобының студенті Ердәулет Ергеш. Ол жан-жақты өнерімен, терең білімімен, ерекше қабілетімен, зерек танымымен бәйгеде оза шауып, білім орданың жігіт сұлтаны атанды. Байқаудың алғашқы кезеңдерінен Ердәулет дара өнерімен көптің көзіне түсіп, көрерменнің сүйіктісіне айнала білді. Әсіресе, оның үй тапсырмасын орындау барысындағы «Алаш қозғалысы» композициясы көрерменді ерекше ілтипатқа бөледі. Барша жиналғандар Ердаулеттің дарыны мен даралығына тәнті болып, қошемет білдірді.
С. Торайғыров атындағы ПМУ жастар ісі жөніндегі комитетінің төрайымы Ақбота Сарыбайдың айтуынша, байқау нысанаға дөп тиді, өз мұратына жетті.
«Мұратына жетті дегенім, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйладық, ал қатысушылар өз өнерін көпке жар салды, дарындарын ұштады, кейбірі өз бойындағы кемшлікті жеңді. Ал біз 2015 жылғы ПМУ мистерін анықтадық. Және әділқазылар дұрыс таңдау жасағанына сенімдімін. Мұнымен іс біткен жоқ. Жігіт сұлтанын алдағы уақытта университет пен студенттер игілігіне бағытталған қыруар қоғамдық жұмыстар күтіп тұр», – деді Ақбота Сарыбай.