Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің полицияға көмектесу студенттік жасағы жыл басынан бері 25 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады.
С. Торайғыров атындағы ПМУ студенттік жасағында 20 белсенді студенттер қызмет етуде. Павлодар мемлекеттік университетінің жас сақшылары 2014-2015 оқу жылында полиция қызметкерлеріне көмектесіп, өздерінің туған қаласына, Отанына деген сүйіспеншіліктерін таныта білді. Олар аптасына үш мәрте патрульге шығып, учаскелік полиция инспекторлар және ювиналдық полиция тобымен жедел алдын алу шаралары бойынша рейдтер жүргізеді. Бұдан өзге, олар қалада өткізілетін ірі шараларда, орталық алаңдарда болатын облыстық маңызы бар шараларда қоғамдық тәртіпті орнату мақсатында полиция қызметкерлеріне көмектеседі.
Жас сақшылардың қажырлы еңбектері бағаланып, Павлодар қаласының Ішкі Істер Басқармасының Оңтүстік Полиция бөлімінде жасақ мүшелерінің үздіктеріне мақтау қағаздары табыс етілді. Оңтүстік Полиция бөлімі бастығының орынбасары, подполковник Владимир Бычков университеттің студенттік жасағының адал қызмет еткен мүшелері – Ғалымжан Кәбірді, Раймбек Рахимбековті, Темірлан Ахметовты, Жангүл Силамды, Альбина Молғаждарованы, Нұржан Капашевты салтанатты түрде құрмет граматоларымен марапаттады.
Университет жасағының командирі Ғалымжан Қабірдің айтуынша, өз елін, туған қаласын сүйетін әр азамат қаласына қолынан келгенше қамқорлық танытуы керек.
– Мен үш жылдай полиция қызметкерлеріне көмектесіп келемін. Осы жылдар барысындағы қызмет уақытында бастан әртүрлі жайттарды өткердік. Қылмыскерлермен бетпе-бет келу әрине, оңай емес. Алайда, біздің жасақта нағыз ержігіттер мен өжет қыздар ғана жұмыс істей алады, – дейді Ғалымжан.