С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Бизнес жобаларды басқару: мақсаттарға қол жеткізу технологиясы» атты өңірлік семинар-тренинг өтті.

Сондай-ақ айтулы семинар-тренингтің аясында С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «ТДЖҰА» АҚ-ның ақпараттық орталығы ашылды. Орталықты Павлодар облысы әкімінің орынбасары Николай Дычко, «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, «Болашақ» ассоциациясының кеңес мүшесі Жұматай Салимов және С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариев ашты. С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры өз сөзінде «ТДЖҰА» АҚ ақпараттық орталығының университеттің білім алушылары мен ғалымдары үшін пайдасы зор екенін атап өтті. «Бұл орталық С. Торайғыров атындағы ПМУ студенттері, өнертапқыштары мен ғалымдарының әлемдік нарықта трендке айналған стартап-жобаларды құру мүмкіндігіне жол ашады», – деді Арын Амангелдіұлы.

Қазақстан Республикасы Президентінің бес институционалдық реформасын жүзеге асыру шеңберінде жүзеге асып жатқан шараға «Болашақ» қауымдастығы мұрындық болып, ал семинар жұмысына С.Торайғыров атындағы ПМУ, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, «ТДЖҰА» АҚ қолдау білдіріп, серіктестік танытуда.

Іс-шараның мақсаты – жастарға бизнес-жобалардың басқару технологияларын оқыту, және де жастар арасында кәсіпкерлікті қалыптастыру.

Кәсіпкерлер кездесуіне жас кәсіпкерлер, жастар ұйымдарының көшбасшылары «Болашақ» бағдарламасы стиипендиаттары, жас ғалымдар мен өнертапқыштар, өндіріс кәсіпорындары, БАҚ өкілдері қатысты.

Семинар жұмысын Павлодар облысы әкімінің орынбасары Николай Дычко мен С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариев ашты. «ТДЖҰА» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жұматай Салимов ісін жаңа бастап жатқан кәсіпкерлерді қолдау тетіктерін, стартап-жобалары және студенттер, ғалымдар, кәсіпкерлер үшін инновациялық гранттарға ие болу жолдарын баяндап берді. «Қыркүйек айынан бастап инновациялық гранттар бойынша басым бағыттардың саны 8-ден 16-ға дейін көбею турасындағы жағымды жаңалықпен сіздермен бөлісейін. Енді бізге нано және ғарыш, жиһаз бен ағаш өңдеу, медициналық өндіріс, фармацевтикалық, биоинженерия, генді инженерия, агрохимия мен робототехника салаларындағы үдемелі технология бағыттары бойынша инновациялық жобалардың авторлары өз жұмыстарымен келе алады», – деді «ТДЖҰА» АҚ өкілі Жұматай Салимов.

Семинардың пленарлық отырысында «Happy Farm» бизнес-акселераторының (Украина, АҚШ) негізін құрушы және бас директоры Анна Дегтерева, «Business Systems» компаниясының директоры, ұйымдастыру жұмыстарын дамыту бойынша кеңесші, Profiles International Ukraine басқарушы серіктесі (Украина) Олег Афанасьев, Павлодар облысы бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ өңірлік филиалының директоры Ерқанат Әбенов, «Болашақ» қауымдастығының атқарушы директорының орынбасары Азамат Божақов және басқа да сарапшылар Қазақстандағы кәсіпкерлікті қолдау тетіктері мен құралдары турасында ақпарат береді.

Сондай-ақ, «Бизнес жобаларды басқару: мақсаттарға қол жеткізу» тақырыбында семинар-тренингтің тәжірбиелік бөлімін халықаралық деңгейдегі бизнес-тренер, «Business Systems» компаниясының директоры, корпоративтік тренинг-мектеп үздік бағдарламасының авторы Олег Афанасьев өткізді.

Бұл семинар-тренингтің қатысушылары «команда», «жоба», «жобаны құру әдісі» сынды түсінік алды, басқарушының құзіреті жайында біліп, табысты бизнес-жобалар мен тәукелшіл жобалардың мәселелері турасында көп мәліметке қанық болды. Мұнымен қоса, тренер қатысушыларға мәселелерді дұрыс анықтау жолдарын, басты міндетті қалыптастыру және белгілі бір мақсатқа жетудің әдістері турасында әңгімелеп берді.

Сонымен қатар, «ТДЖҰА» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жұматай Салимов республикалық инновациялық байқауын алға жылжыту мақсаттарында бизнес-құралдардың өкілдерімен, жалпы білім беру мекемелерінің директорларымен, БАҚ өкілдерімен, студенттік жастармен кездесті.

Руфина Торпищеваның фотосы