С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті және Омбы аймақтық институты ынтымақтастық жайлы келісімге қол қойды.

Қол қою рәсіміне С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Арын Өрсариев және Омбы аймақтық институтының халықаралық қатынастар бойынша проректоры Олег Патласов қатысты.

Келісімде қос дипломдық білім беру, бірлескен зерттеу жұмыстары, профессорлық-оқытушылар құрамы үшін біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру, студенттермен алмасу, ғылыми тәжірибелер мен тағылымдамалар қарастырылған.

С.Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариевтің айтуынша, ПМУ-дің Ресей, Еуропа, және АҚШ елдерінің көшбасшы ЖОО-мен ынтымақтастықтың көпжылдық тәжірибесі бар. «Омбы аймақтық институтымен келісімге қол қою арқылы университетіміз үшін үлкен мүмкіншіліктерге жол аштық. Бұл бастамамыз сәтті болады деп сенемін. Келісімшарт аясында кездесулер мен симпозиумдарды өткізу, кітапхана, ғылыми орталықтар мен зертханалардың зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін қолжетімді болуын ұйымдастыруын қарастырып отыр», - дейді Арын Амангелдіұлы.

Ынтымақтастық жайында келісім екі ЖОО арасындағы өзара тиімді байланысты одан әрі дамытуды көздейді, сонымен бірге Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы тығыз халықаралық қарым-қатынастың нығая түсуіне ықпал етеді.

Руфина Торпищеваның фотосы