С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Арын Өрсариев магистратура түлектеріне салтанатты түрде дипломдарын табыстады.
Салтанатты рәсімге С. Торайғыров атындағы ПМУ оқытушылары, бөлім қызметкерлері мен студенттері, сонымен қатар ата-аналар қатысты. Жиын барысында С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариев бітіруші магистранттарға арнап сөз сөйледі. Университет басшысы өз сөзінде магистрлардан үлкен үміт күтетінін атап өтіп, олардың Отан алдындағы жауапкершілігі мен міндеті зор екенін айтты. «Құрметті, магистрлар! Ғылым мен техника заманында елімізге Сіздердей білімді де білікті мамандар өте қажет. Сол себепті алған білімдеріңді халық игілігіне жұмсай біліңдер», – деді Арын Амангелдіұлы.
Сонымен бірге, шараға қатысқан факультет декандары да жас ғалымдарға ақ тілектерін жолдап, олардың ғылым жолындағы жетістіктерімен бөлісті. Көптеген магистрлар С. Торайғыров атындағы ПМУ-да білім алу барысында өзінің ғылыми жаңалықтарын ашып, шетелден тағылымдамадан өткен. Соның нәтижесінде үлкен ғылыми-әдістемелік тәжірибе жинақтап қайтты. «Енді түлектеріміз осы жинақтаған тәжірибесі мен білімін еңбек жолында, өмір тәжірибесінде орынды пайдаланса – нұр үстіне нұр болар еді», – дейді физика, математика және ақпараттық технологиялар факультетінің деканы Нұрлыбек Айдарғалиұлы.
Қолдарына магистрлік дипломдарын алған түлектер ерекше толқу үстінде болды. Барлығының көзінен ерекше қуаныш пен қимастық байқалады. Бірнеше жыл қатарынан білім алып, енді түлеп ұшқалы тұрған жас дарындар болашаққа сеніммен қадам баспақ. Құқық және бизнес факультетінің магистранты Диас Нұрмұқановтың айтуынша, ғылым жолында қашанда толассыз еңбек ету керек. Сол себепті, осы алған біліммен шектелмей, ары қарай білімін жалғастыратынын айтты. «Ғылым мен білім қашанда тозбайтын дүние. Оны шындай білсең болғаны – дүниенің кілті ашыла бермек», – деп өз ойын білдірді.
Биыл С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін 47 мамандық бойынша 167 магистрант тәмамдады.
Салтанатты шара соңында студенттік филармония ұжымы құттықтау концерттік бағдарламасын ұсынды. Студенттік филармония әншілері Нұржан Сарқамбаев, Гауһар Мұса, «Джем» және «Айша бибі» би студиясы өнерлерін көрсетті.