Астана қаласында Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының VIII жазғы Универсиадасы өтуде.
Кикбоксинг бойынша биылғы жазғы Универсиадаға қатысқан С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттік құрама команда мүшелері: Данияр Нұрлыбеков, Хакім Қайыргелді, Нұрсұлтан Нұрымов, Жанат Смекенов пен Алмас Айдарханов.
Еліміздің түкпір-түкпірінен басқосқан кіл мықты кикбоксингшілері арасынан суырылып, бәйге туын көтеру С. Торайғыров атындағы ПМУ студенттеріне бұйырды. Командалық және жеке есеп бойынша бірнеше күндік тартысты жарыс жеңімпаздарды анықтады. Сынасқан күштің нәтижесінде Павлодар мемлекеттік университетінің командасы командалық есепте екінші орынға ие болып, команда мүшелері Универсиаданың жүлдегерлері атанды.
С. Торайғыров атындағы ПМУ студенті Данияр Нұрлыбеков тамаша жетістіктермен, қарсыластарынан оза шауып, Универсиаданың бірінші орнын иеленіп, қанжығасы майлы қайтты.
Сондай-ақ, жеке есепте Нұрсұлтан Нұрымов Универсиаданың чемпионы атанды. Ал 75 келі салмақ бойынша Алтын медальға Хакім Қайыргелді ие болды.
Екінші орын иегері Жанат Смекеновтің айтуынша, кез келген күш өнерінің өзіндік жолы бар, ал олардың мұраты бір. «Біз қарсыластарымыздың мықты екенін білдік, алайда біз өз командамыздың мүшелеріне сендік. Нәтижесінде ең мықтылар жеңіске жетті», – дейді Жанат.
Жеңісті сапардан үйіне оралған Данияр Нұрлыбеков келесі сайыстарға қызу дайындыққа кірісіп-ақ кеткен. Оның айтуынша, талмай еңбек ету мен шебер бапкердің қолында жаттығу оны жеңіске жетеледі. «Жарыс барысында еліміздің түкпір-түкпірінен келген спортшылыларды көрдім. Түйгенім, әлі де алар асуым алда екен. Бапкерім Жақып Сабыржанға алғысым шексіз», – деді Данияр.