С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті мен Красноармейка аграрлық-техникалық колледжі ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.
Меморандумға қол қою рәсіміне колледж директоры м.а. Азамат Қашитов пен С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариев қатысты.
Бұл құжат университет пен колледж базасында тәжірибелік сабақтар мен кәсіби тағылымдамалардан өту бойынша ынтымақтастықты нығайту, оқу және кәсіби зертханаларды қолдану, бірлескен ғылыми жобаларды жасау, еліміздің және шетелдік ғылыми басылымдарына бірлескен жұмыстарды жариялау, сондай-ақ, университет пен колледждің түлектерін жұмысқа орналастыру сынды салаларды дамытуға бағытталып отыр.
Азамат Қашитовтың пікірінше, колледж түлектері ауылшаруашылық мамандықтары бойынша Павлодар мемлекеттік университетінде білімін жалғастыра алады. «Елімізге сапалы білім берумен танымал болған С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің дипломына қолжеткізу – біздің студенттеріміз үшін зор мүмкіндік. Бұл құжат арқылы болашғынан зор үміт күттіретін бірлескен жаңа бағдарламалардың негізінде екі оқу орны арасындағы серіктестікті дамытуға жол салынды», – деді С.Торайғыров атындағы ПМУ делегациясы өкілдерімен кездесу барысында Азамат Қашитов.
С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариевтің айтуынша, Павлодар мемлекеттік университетінің көптеген елдердің жоғары оқу орындарымен көп жылғы тәжірибесі бар. Сол себепті, өңірдегі білімнің қара шаңырағы ғылым-білім бағытарында жаңа белестерді бағындырып келеді. «Екі оқу орнының өзара байланысы тек оқу үрдісімен шектеліп қоймай, бірлескен семинарлар мен конференциялар ұйымдастыру, екі жақты тиімді жобалар мен бағдарламаларға қатысуды да жоспарлап отырмыз. Және де біздің ғылыми мүмкіндіктерімізді барынша пайдалана отырып, ғылыми зерттеулердің техникалық қамтамасыз етілуін де өз мойнымызға алуды жөн көрдік», – деп мәлімдеді Арын Амангелдіұлы.
Меморандумға қол қою – оқу орындары арасындағы өзара түсіністікке жетелейтін ғылым, оқу және технологиялық салалардағы екі жақтық байланысты дамытуды мұрат еткен мақсатқа қадам басу.
Руфина Торпищеваның фотосы