С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің делегациясы Алматы қаласының Қ.Сатбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде болды.
Павлодар мемлекеттік университеті делегациясының Қ.Сатбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетіне келген мақсаты - университеттің жұмысымен танысып, тәжірибе алмасу және білім мен ғылым саласында ынтымақтастық орнату. Қос университет басшылары алдағы уақыттағы ынтымақтастық жайында сөз қозғап, болашақтағы іс-әрекет жоспарын талқылады.
Университет басшылары техникалық бағыттағы білім беру бағдарламаларын модернизациялау бойынша жоспарымен бөлісті. Аталмыш оқу орнының базасында білім мен ғылым және өндірісті интеграциялауды көздейтін инновациялық кластер құруды жоспарлап отыр. Сұранысы төмен пәндер қайта қаралып, өндіріспен ынтымақтастыққа, тәжірибелік жағына бағытталып қайта енгізілетін болатынын айтты. Университеттің басты міндеті - экономиканың тиімділігін арттыратын прогрессивті технологияларды жасау және өндіріске енгізу болып табылады.
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Арын Өрсариев ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастық екі жаққа да пайдалы әрі тиімді екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ҰТУ-дің мамандарды даярлау және оқыту бойынша тәжірибесі өте маңызды. Қос университет те техникалық мамандарды даярлайтын ЖОО болғандықтан, екі университетті байланыстыратын ортақ мақсаттар көп. «Сондықтан алдағы уақытта да ынтымақтастық пен серіктестігімізді одан әрі нығайтып, ел игілігі үшін көптеген жарқын жобаларды бірлесе отырып іске асыратын боламыз», - деді Арын Амангелдіұлы.
Кездесу барысында екі университеттің арасында ғылыми-зерттеу жобалар саласында, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығы, магистранттар мен докторанттардың тағылымдамасы, университет базасында кәсіби тәжірибеден өту, халықаралық білім беру және ғылыми жобалар мен бағдарламаларға қатысу туралы меморандумға қол қойылды.