С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің делегациясы Алматы қаласының «Тұран» университетінде болды.
Делегация құрамында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Арын Өрсариев, проректорлар Арман Акишев, Нұрлан Ержанов, департамент директорлары Манат Келдібеков, Ақмарал Қайырбаева, Нұрлан Кудеров болды.
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті делегациясының «Тұран» университетіне келген мақсаты - университеттің жұмысымен танысу және білім мен ғылым саласында серіктестіктің жоспарын талқылау.
Кездесу өте мәнді де мағыналы өтті. Себебі "Тұран" университетінің ректоры Рахман Алшанов – С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті мүше болып табылатын Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары Ассоциациясының президенті. Кездесуге қатысушылар ҚР-ғы жоғары білім берудің дамуы жайында пікір алмасып, қарқынды өзгеріп жатқан еңбек нарығының талаптарына сай келетін білікті мамандарды даярлау мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында екі университеттің арасында ғылыми-зерттеу жобалар саласында, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығы, магистранттар мен докторанттардың тағылымдамасы, университет базасында кәсіби тәжірибеден өту, халықаралық білім беру және ғылыми жобалар мен бағдарламаларға қатысу туралы меморандумға қол қойылды. С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Арын Өрсариевтің айтуынша, мұндай серіктестік екі жақ тарапқа да өте пайдалы. «Меморандумға қол қою арқылы – біз жаңа бір биікке көтерілдік. Жаңа мүмкіндіктер көкжиегін аштық. Болашақта бүгінгі атқарылып жатқан еңбегіміз өз жемісін береді деп санаймын»,-деді Арын Амангелдіұлы.