С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «Мәшһүртану» ғылыми-практикалық орталығы Баянауыл ауданы, Жаңажол ауылындағы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы атындағы жалпы білім беру орта мектебінде «Мәшһүр Жүсіп шығармашылығы: қазақ халқының бүгіні мен ертеңі» атты облыстық конференция өткізді.
Конференция жұмысына С. Торайғыров атындағы ПМУ «Мәшһүртану» ғылыми-практикалық орталығы мен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы атындағы ЖОББМ мұрындық болды.
Конференция өңірлік «ХІ Мәшһүр Жүсіп оқуларының» шеңберінде өтті. Шараға Павлодар облысының жалпы білім беру мектептерінің ұстаздары мен оқушылары қатысты.
Конференцияның мақсаты – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кейінгі ұрпаққа қалдырған мол діни, тарихи және әдеби мұраларын еліміздің болашағы – жас жеткіншектеріміздің санасына енгізіп, сол арқылы Отан сүйгіштікке, ұлттық дәстүрімізді қастерлеуге тәрбиелеу.
Философия ғылымдарының докторы, профессор, Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры орынбасары Серік Нұрмұратовтың «Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің философиялық дүниетанымы» және Шығыстану институтының профессоры, филология ғылымдарының докторы Нағима Сағындыкованың «Машхур Жусуп в переводах на русский язык» атты онлайн баяндамаларымен толығып, шараның өтуіне жаңаша мазмұн берді.
Конференция жұмысын «Мәшһүртану» ғылыми-практикалық орталығының ғылыми қызметкері Нәйлә Анафина ұйымдастырды. Қатысушыларға Нәйлә Анафина «Мәшһүртану» орталығының Мәшһүр ата шығармашылығы мен өміріне арнаған еңбектерін таныстырды. «Мың жылда бір туатын дара тұлға – Мәшһүр атамыздың бүгінгі жарыққа шыққан еңбектері телегей теңіз мол мұрасының тамшысы ғана. Ақын еңбектерінен алар тағылым мен ұштастырар білімді алдағы уақыт еншісіне қалдырған жөн. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлын Қазақстанның бренді деген көп жылдардан бергі ойды қайта жаңғыртып, қолға алсақ болар еді», – деді Нәйлә Қаткенқызы.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы атындағы ЖОББМ директоры Сәбит Кенжалиннің айтуынша, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының мұралары әлі талай ұрпаққа азық болады. «Мәшһүр атамыздың еңбектерін зерттеп, халыққа насихаттауда С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің атқарып жатқан жұмысы қыруар. Әсіресе, университеттің мектеп мұғалімдеріне кәсіптік бағдар беруіндегі жұмысын жоғары бағалаймын», – деді Сәбит Мұратұлы.
Конференция барысында Павлодар мемлекеттік университетінің С. Бейсенбаев атындағы ғылыми кітапхана қызметкері Жүрсилә Әбелдинова С. Торайғыров атындағы ПМУ-дің қолдауымен жарық көрген Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының еңбектерінен көрме ұйымдастырып, бұл еңбектер туралы қатысушыларға кеңінен мағлұмат берді.