«ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесіне даярланып жатқан С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің волонтерлық топ мүшелері бір командамен бірлесіп жұмыс істеуді игеруге бағытталған тренингке қатысты.
Тренинг Павлодар қаласының Әлеуметтік-волонтерлік орталығының «Облыстың қалалары мен аудандарында волонтерлық жасақтардың жұмысын ұйымдастыру («EXPO-2017» жастар клубының жұмысын ұйымдастыру)» жобасын іске асыру шеңберінде өтті. Бұл жобаның үйлестірушісі – Павлодар облысы Жастарға қызмет көрсету орталығы.
Тренинг командада бірлесіп жұмыс істеу, өз күшіне сену және оны тану, команда мүшелеріне жауапты болу, барлық еріктілер қозғалысына қатысушылар арасындағы байланысты сезіну мақсатын тұтты.
Тренингте студенттер танысу, команда құру жаттығулары мен көшбасшыларды анықтау ойындарын ойнады. Тренинг барысында бір-бірін жақсы тану мақсатында «Тізбек», «Көпір», «Тамшы, өзен, мұхит», «Жол», «Белгі», «Қырықаяқтар жүгірісі» сияқты жаттығулар өткізілді.
Мұнымен қоса, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «ЭКСПО – Болашақтың энергиясы» халықаралық көрмесіне волонтерларды дайындауға байланысты қазақ және ағылшын тілдерін оқыту курстары басталды.
С. Торайғыров атындағы ПМУ қабырғасында ашылған «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесіне волонтерларды дайындау орталығының басшысы Жанарсын Капенованың мәлімдеуінше еріктілерді дайындау бойынша орталықтың дайындығы қызу атқарылып жатыр. «Көрменің мінсіз өтуі үшін ұйымдастыру жұмысына қатысты әрбір еріктілердің жұмысын пысықтап алған жөн. Бұл тренингтер волонтрерларға ақпарат беріп қана қоймай, жұмыстарының маңызды қадамдарын саралап алуға және командалық топта бірге жұмыс жасауға көмектеседі», – деді Жанарсын Жұматқызы.
Ең алғашқы қазақ тілі сабағы ерекше түрде өтті. «Мен кіммін», «Сөйлемді аяқта» сияқты студенттердің сөздік қорын байытуға бағытталған ойындар арқылы «Мен – волонтер» және «ЭКСПО тарихы» тақырыптары бойынша әңгімелесу сабақтары болды.
Ағылшын тілі сабағында студенттер «волонтер» сөзінің түп төркінін біліп, бұл сөздің басқа да мағыналарымен танысты. Сонымен қатар, студенттер сабақта ЭКСПО тарихына байланысты өз ойларын ортаға салды. Сабақ жас еріктілердің айтуынша өте қызықты да танымды, тартымды да көңілді өтті.