Алматы қаласында өткен студенттік жастарға арналған Enactus Kazakhstan атты әлеуметтік және бизнес жобалардың республикалық сайысында С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің командасы республиканың вице-чемпионы атанды.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі Кеңестің қолдауымен өткен сайысқа республикамыздың 45 университетінің командалары қатысты. Студенттер әділқазылар алқасы назарына экономикалық, экологиялық және әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған әрі қарапайым тұрғындардың әлеуметтік өмірін жақсарту бойынша іске асқан жобаларды ұсынды. Enactus Kazakhstan Expo сайысының басты талабы – команданың жобалық жұмысының нәтижесін қорғау, адамдарды экономикалық, экологиялық және әлеуметтік тұрғыда өмірлерін жақсартуыды үйрету үшін кәсіпкерлік мүмкіндіктерді тиімді қолдану.
18 адамнан құралған С. Торайғыров атындағы ПМУ командасы жартылай финалда 26 команданың ішінен 1орынды иеленді. Финалда бес команда ішінен бірінші орынға Қазақ гуманитарлық-заң университеті (Астана қаласы), екінші орынға С. Торайғыров атындағы ПМУ, үшінші орынға Алматы Медеджмент университеті ие болды.
С. Торайғыров атындағы ПМУ командасы екінші орын үшін кубокпен және жартылай финалдағы бірінші орын үшін мүсіншемен марапатталды. Команданың әрбір мүшесіне сертификат табысталып, университет басшылығына бағдарламаны қолдағаны үшін алғыс хат жолданды. Сонымен қатар студенттер KPMG, Филип Моррис, Halyk Finance компанияларынан сыйлықтарын алды. Ал С. Торайғыров атындағы ПМУ командасы KPMG компаниясында болып, компания басшылығымен сұхбаттасып қайтты.
Сайыс аяқталған соң сайысқа қатысқан студенттер көшбасшы кәсіпкерлермен әңгімелесіп, олардың тәжірибесі мен кеңестерін алды.