С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалында өткен «Орыс филологиясы» мамандығы бойынша жоғары оқу орны студенттері арасындағы Республикалық пәндік олимпиадада командалық жалпы есепте және жеке есепте де қанжығаларын бірінші орынмен майлап келді.
Олимпиада үш тур бойынша өтті. Алғашқы екі турда студенттер орыс тілі мен әдебиеті пәндері бойынша жазбаша тапсырмаларды орындады. Үшінші турда қатысушы командалардың тұсаукесері мен М. В. Ломоносовтың «Простирайтесь в обогащении разума и в украшении российского слова» сөзін аша түсетін қойылымын ұсынды.
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің орыс филологиясы кафедрасының студенттері Дарья Корелина, Наталья Пфейфер, Ирина Бабенко жалпы есепте 1 орынды және студенттік пәндік олимпиаданың шығармашылық байқауында 1 орынды қанжығалады. Ал жеке есеп бойынша Фил - 302 тобының студенті Дарья Корелина 1 орын иегері атанса, студент Наталья Пфейфер 2 орынды иеленді.
Жеңімпаз топтың ғылыми жетекшісі, ф.ғ.к., С.Торайғыров атындағы ПМУ орыс филологиясы кафедрасының доценті Ольга Попович шәкірттерінің жеңісін ерекше бағалайды. «Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері республикалық пәндік сайыстан алып келген жеңісі – оқу ордамызға, профессорлық-оқытушылар құрамына берілген жоғары баға деп түсінемін. Ал студенттердің мұндай байқауларға қатысуы олардың кәсіби біліктілігінің өсуіне жол ашады», – деді Ольга Александровна.
Олимпиада қатысушыларына арнайы сертификаттар табыс етілді. Команда жетекшілеріне М.В. Ломоносов атындағы ММУ филологиялық факультетінің белгілі мамандарының ұйымдастыруымен іске асқан ғылыми-әдістемелік іс-шаралар шеңберінде біліктілігі жоғарлағанын айғақтайтын құжаттар табысталды.