С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің жас журналистер командасы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен «Журналистика» мамандығы бойынша жоғары оқу орны студенттері арасындағы VII Республикалық олимпиадада екінші орынға ие болды.
Павлодар мемлекеттік университетінің намысын «Журналистика» кафедрасының студенттері Назгүл Рабилова, Мереке Амантай, Замира Солтанова қорғады.
Жас журналистер додасына журналист мамандарды даярлайтын еліміздің жоғары мектептерінің 12 оқу орнынан келген студенттер бақтарын сынады. Пәндік олимпиаданың әділқазылары алғашқы кезеңінде жас журналистердің теориялық білімін анықтады. Сайыстың екінші кезеңі «Ең үздік фото», «Ең үздік бейнесюжет», «Ең үздік үнхабар», «Ең үздік онлайн жазба» номинациялары бойынша өрбіді. С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің жас журналистері жоғары жетістіктер көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінді.
Жас журналистердің білімі мен біліктілігіне «Егемен Қазқстан» газетінің шолушысы Айнаш Есалы, «Айтуға оңай» телебағдарламасының редакторы Жазира Исаева, фотожурналшы Асылхан Абдырайымұлы, радиожурналшы Нұртай Лаханұлы және болггер әрі SMM маман Дінмұхамед Зиядин қазылық етті.
Байқауға қатысушылардың жетекшісі, ф.ғ.к., журналистика кафедрасының доценті Қанат Қанапияновтың мәлімдеуінше олимпиадаға қатысушылар университеттің оқу телевидениесінде, «Білік», «SMS+» газеттерінде және студенттік «ПМУ-FM» радиосында жұмыс жасап, мол тәжірибе жинаған студенттер. «С.Торайғыров атындағы ПМУ болашақ журналистердің кәсіби өсуіне, біліктілігі мен білімін шыңдауға зор мүмкіндік жасап отыр. Міне, бұл жеңіс университет қабырғасындағы газет, радио, телевидениеде жинаған тәжірбиесі мен өз ұстаздарынан алған сапалы теориялық білімінің арқасы деп білемін», – деді Қанат Нұрымұлы.
«Журналистика саласы майталмандарының еңбектерімізді жоғалы бағалағаны біз үшін үлкен марапат. Бұл жетістік бізді одан ары қарай кәсіби біліктілігімізді арттыруға, білімімізді ұштауға себепші болады», – деп қуанышымен бөлісті олимпиадаға қатысушы Назгүл Рабилова.
Пәндік олимпиада шеңберінде қонақтарға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарихынан сыр шертетін тағылымдарымен таныстырды. Сондай-ақ қатысушылар М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театырында «Мөлдір махаббат» драмасын тамашалады.
«Олимпиада еліміздің мұндалап тұратын оқу орындарының мығым мақсатты, түйдек ойлы студенттерін бір шаңырақ астына жинады. Жетінші рет ұйымдастырылып отырған «Ең дарынды болашақ журналист!» пәндік олимпиадасында жеңісті екінші орынды қанжығамызға байлап келдік. Бұл – біз үшін зор жеңіс!», – деді С.Торайғыров атындағы ПМУ студенті Мереке Амантай.