С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында өткен «Дизайн» мамандығы бойынша жоғары оқу орындарының студенттері арасындағы республикалық пәндік олимпиаданың дипломанттары атанды.
Айтулы өнер бәйгесінде киім дизайні саласы бойынша өздерінің идеяларын Жамал Калиева мен Мадина Қасқырбаева ұсынды.
Олимпиаданың екі туры барысында өнерлі қыздар киім эскиздерін салып, оны пішіп, тікті. Әділқазылар қатысушылардың жасаған өнімінің жаңашылдығы мен дизайнерлік ойының ерекшелігіне, істі орындауындағы сапа мен ұқыптылыққа, композициалық және түстердің үйлесімділігін ұтымды қолдана білгеніне баса назар аударды.
Бәйгенің қазылар алқасы еліміздің жас автор-дизайнерлерін анықтады. Ал С.Торайғыров атындағы ПМУ студенті Жамал Қалиеваның жұмысы үшінші орынды иеленді. Сондай-ақ жас дизайнер Мадина Қасқырбаеваның жұмысына сертификат табыс етілді.
Ісмер қыз Жамал Қалиева бұл нәтиже тынымсыз еңбектің арқасы деп біледі. Ол өзінің олимпиадаға дайындаған жұмысына көп уақытын арнаған. Жамал Калиеваның айтуынша, тек қана қалаудың өзі аздық етеді, дарын, қабілет және креативті ерекше ойлау, жоқтан бар жасай алу сынды икем болған кезде ғана белгілі нәтижеге жетуге болады екен. «Қазір менің ойымда біздің дәуірдің креативтілігі мен заманауилығын бейнелейтін киім үлгілерін жасау идеясы бар. Бір қалыпты дүниелерді жасағым келмейді, мен әлем үшін жаңа және күтпеген киім үлгілерін жасағым келеді», – дейді Жамал.
«Бізді олимпиадаға дайындаған, жетелеп, қолдаған өзіміздің ұстазымыз, жетекшіміз Майса Қамысбайқызы Ықыласоваға алғысымыз шексіз», – дейді Мадина Қасқырбаева. Ал Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Майса Ықыласова бұл сайыста Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы ректорының алғыс хатымен марапатталды.
Бұл дода – екі жас дизайнерлердің алғашқы сынағы. Олар қандай істі бастаса да кішкентай істен бастап, еш қиындыққа қарамастан берілмеу керектігін біледі. Ісмер қыздар өздерінің жеңісті сәттерінің әлі де болатынына сенімді. Олар жаһанға өздерінің аттарын паш ететін жаңа үлгідегі киімдерді дүниеге әкелуге кірісіп те кеткен.