С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті студенттері Қазақстан халқы Ассамблеясының жылына арналған ТМД елдері арасындағы халықаралық студенттік олимпиадаға және шет тілі пәні бойынша республикалық олимпиадаға қатысты.
Алғаш рет өтіп отырған ТМД елдері студенттері арасындағы І халықаралық студенттік олимпиада Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университет қабырғасында тілдік емес мамандық бойынша білім алып жүрген студенттер арасында өтті. Студенттер ағылшын тілі, аймақтану және халықаралық қатынастар секциялары бойынша бақтарын сынады.
С.Торайғыров атындағы ПМУ Агр-301 тобының студенті Дәурен Рахманов олимпиаданың барлық кезеңдерінде қабілеттілігін танытып, үздіктер қатарынан бойтүзеді. Оның жұмысы «аймақтану» секциясында ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Ғылыми бәйгеде студенттер эссе жазып, «Заманауи қоғамдағы мәдениаралық байланыс пен төзімділік: шақыртулар, ізденулер, шешімдер» тақырыбындағы өз жұмыстарының тұсауын кесті. Дәурен Рахмановтың айтуынша осы сынды олимпиадаға қатысу арқылы студент кәсіби қабілетін және білімін шыңдау мүмкіндігіне ие болады. «Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай ұйымдастырылған І Халықаралық олимпиаданың студенттер үшін маңызы зор болды. Себебі біз басқа да қатысушылардың жұмыстарымен танысып, өзекті мәселелер төңірегінде ой қозғадық. Мен өз жұмысымда Павлодар облысында өмір сүріп жатқан ұлттар мен ұлыстардың ынтымақтастығы мен татулығын зерттеу нысанама алдым. Бұл жұмысым сәтті шықты деуге болады», – деп бөлісті Дәурен.
Дәурен Рахмановтың ғылыми жетекшісі а-ш.ғ.к., агротехнологиялық факультеттің жалпы сұрақтар бойынша декан орынбасары Жастілек Уахитов өз сөзінде: «Бүгінгі жастар қоғамдық дамудағы туындайтын қиындықтарға бейімделе білулері керек. Өткізіліп жатқан пікір-таластар, олимпиадалар мен басқа да зияткерлік сайыстар студенттердің қазіргі уақытта туындап отырған мәселелерге шынайы түрде қарап, жастарға қауіп-қатер тудыратын түрлі ағымдар мен ұйымдардан сақтануына ықпал етеді», – деді.
Олимпиадаға қатысушылардың жұмыстарын Г.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ оқытушыларынан бөлек, Қазақстандағы Германия Елшілігі өкілі Ионатан Распе, консорциум серіктестегі басшысының орынбасары Скотт Норрис (АҚШ), Қазақстандағы АҚШ елшілігі Орталық Азиядағы ағылшын тілі бағдарламаларының аймақтық басшысы Джон Скакко бағалады.
Халықаралық студенттік сайыстың жеңімпаздары мен қатысушылары дипломдар мен құнды сыйлықтармен марапатталды.
Сонымен қатар, С.Торайғыров атындағы ПМУ «Шетел филологиясы және аударма ісі» кафедрасының студенттері Абылай хан атындағы Қаз ХҚ және ӘТУ қабырғасында өткен шет тілі пәні бойынша республикалық олимпиадада жетістіктерге қолжеткізді.
АІ-301 тобының студенті Жансая Қанат ағылшын тілі мамандығы бойынша білім алып жүрген студенттер арасында үшінші орынға ие болды. Ал ИФ-302 тобының студенті Игорь Демихов шетел филологиясы пәні бойынша үшінші орынды қанжығалады.
Студенттердің ғылыми жетекшісі, ф.ғ.к. Қамар Каримованың мәлімдеуінше республикалық олимпиада біздің студенттер білімінің бәсекеге қабілетті болуына жол ашты. «Пәндік олимпиадаларға қатысу арқылы студенттер шет тілін терең меңгеріп, өздерінің кәсібі қабілеттерін ұштауға мүмкіндік алады», – деді Қамар Кабиденқызы.