С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде профессорлық-оқытушылар құрамының, қызметкерлер мен студенттердің назарына қыс мезгілімен қоштасу мейрамына арналған музыкалық театрландырылған қойылым көрсетілді.
Қыспен қоштасу – славян халықтарының пұтқа табынушылық заманынан келе жатқан қысты шығарып салу мерекесі. Жеті күн бойы тойланатын бұл мейрамында халық көңіл көтеріп, ән салып, би билеп, әзілдер айтады.
С.Торайғыров атындағы ПМУ бас фойесінде орыс халқының бай дастарханы жайылып, қонақтарға бұл мерекенің бас тағамы – құймақ таратылды.
С.Торайғыров атындағы ПМУ студенттік филармониясының жас таланттары қыс мезгілімен қоштасу мейрамына театрландырылған қойылым қойды. Масленица апталығының әрбір күнін театрландырып көрсетуі мерекелік кешті қызықтыра, жандандыра түсті. Қойылым жиылған қауымның ықыласын бөлеп, қуаныш сыйлады. Студенттердің орындауындағы әуезді әуендер мен ерекше қойылымдар мерекенің сәнін келтіре түсті.
Мұнымен қоса, студенттер мен оқытушылар арасында мереке тарихы мен көне ырымдар, жұмбақтарды шешуге арналған викториналық ойындар ойналды.
Мерекені ұйымдастырған С.Торайғыров атындағы ПМУ тәрбие және әлеуметтік мәселелер департаментінің маманы Тілек Мәсәлімнің айтуынша мейрам студенттерге ғана емес, профессорлық-оқытушылар құрамы мен қызметкерлерге де көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. «Бүгін міне, біз қыс мезгілімен қоштасып жатырмыз. Ұлттық салт-дәстүрде жастарға тағылым болатын дүниелер көп. Сондықтан бұл іс-шара арқылы біз осы мерекенің жастарға тәрбиелік маңыздылығы зор екенін көрсеткіміз келді», – деді Тілек Қайырқанұлы.
Қыспен қоштасуды тойлау қонақтардың орыс ұлттық тағамдарын, соның ішінде мерекенің нышаны саналатын алтын түстес жұқа құймақтардың дәмін татумен жалғасты.
Руфина Торпищеваның фотосы