2015 жылдың 5 ақпаны күні С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің бизнес және құқық факультетінің студенттеріне «Әлеуметтік желілердегі діни экстремизмді болдыртпау жолдарын насихаттау» атты тақырыпта ашық дәріс оқылды.
Бұл шарада факультеттің 2 курс студенттері Асхат Тілеуленов және Досымхан Досымов өз баяндамаларын ұсынды. Жастармен С.Торайғыров атындағы ПМУ этносаралық үдерістерді зерттеу аймақтық ғылыми-тәжірибелік орталығының басшысы Нұржамал Тышқанова және С.Торайғыров атындағы ПМУ студенттерінің кәсіподақ ұйымының төрағасы Тілек Мәсәлім кездесті.
Дәріс кезінде жастар мен қонақтар діни экстремизм мәселелері жөнінде пікір алмасып, пікір таластырды. Бұл шарада студенттер, магистранттар мен оқытушылар белсенділік танытып, қонақтардан бүгінгі күннің өзекті сұрақтарына жауап алды. Дәріс барысында студенттер әлеуметтік желілердегі діни экстремизмді насихаттауға қарсы жолдар жайлы талдау жүргізді. Қонақтар экстремистік діни ағымдардың ғаламтор-кеңістігіндегі парақшаларын ажырата білудің жолдарын көрсетті. Және де дәріс оқу барысында діни сауалдарға жауап алғысы келетін студенттерге ресми кеңестер беретін сайттар ұсынылды.
Факультет деканы Тахир Эрназаровтың айтуынша, Қазақстанда 2014 жылдың басынан бастап діни экстремизм мен терроризмді насихаттағаны үшін 50-ге тарта сайт өз жұмысын тоқтатқан көрінеді. Ол өз сөзінде: «Жастарды осындай жат пиғылды ағымдардан аластату мақсатында Павлодар мемлекеттік университетінде студенттермен дөңгелек үстелдер, диалогтық алаңдар, дәрістер және конференциялар өткізіліп тұрады. «Білім +» жобасы аясында С.Торайғыров атындағы ПМУ порталында «rukhanialem.psu.kz» сайты ашылды. Бұл сайтта дінтану және мәдениеттану бағыттарында кеңес алуға болады. Осы жоба аясында сенім телефоны жұмыс жасайды. Шалынған қоңыраулар құпия сақталады», – деді Тахир Яздурдиевич.
Нұржамал Тышқанова әлеуметтік желілерде діни экстремизмді болдыртпау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жайлы былайша сөз қозғады: «ҚР мемлекеттік дін істері комитеті экстремизммен күресу мәселесі бойынша әлеуметтік желіде өзінің ақпараттық жұмысын жандандырды. Олар «e-islam.kz» ақпараттық-танымдық порталында арнайы қызметін ұйымдастыруда. Бүгінгі күні, жастар арасында портал қызметкерлері діни-танымдық саулдар бойынша түсініктемелік жұмыстар өткізуде. Осыдан басқа, соңғы уақытта Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «muftyat.kz» интернет – сайттардың жұмысы аймақтық құрылымдарда оң нәтижесін беріп жатыр», – деп республикалық деңгейдегі атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды Нұржамал Сағадатқызы.
Руфина Торпищеваның фотосы