С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің оқытушылары София техникалық университетінде өткен Темпус бағдарламасы шеңберінде жүзеге асатын Медис жобасының орындаушыларының кезекті кездесуіне қатысты.
Кездесу мақсаты МЕДИС жобасына қатысушы елдердің атқарған жұмыстары жөнінде есептерін талқылау.
София қаласында өткен кездесуге ф-м.ғ.к., С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті физика, математика және ақпараттық технологиялар факультетінің деканы Нұрлыбек Испулов, п.ғ.к., «Математика және информатика» кафедрасының меңгерушісі Гүлжан Жарасова қатысты.
Кездесу барысында үйлестірушілер мен орындаушылар МЕДИС жобасы бағдарламалары шеңберінде атқарған жұмыстарын талқылады. Испания, Швеция, Германия, Португалия және Болгария жоғары оқу орындарының өкілдері AIISM курстарының PBL әдіснамаларын әзірлеу бойынша жұмыстарының есептерін ұсынып, аталмыш курстардың оқу материалдарын дайындау туралы жіте талқылады.
Ал Қазақстан, Ресей және Украина жоғары оқу орындарының өкілдері AIISM курстарының бейімделуі – білім беру бағдарламаларының мазмұнын талдап, айтулы курс әдістемесінің білім беру бағдарламаларына енгізу туралы сөз қозғады.
Талқылау жұмыстары барысында ф-м.ғ.к. Нұрлыбек Испулов С.Торайғыров атындағы ПМУ порталындағы МЕДИС парақшасының тұсауын кесті. Бұл жұмыс үйлестірушілер тарапынан жоғары бағаланды. Павлодар мемлекеттік университетінің тәжірибесі МЕДИС жобасын орындаушы басқа да жоғары оқу орындарына ұсынылды.
Сонымен қатар, С.Торайғыров атындағы ПМУ өкілдері МЕДИС жобасының профессорлық-оқытушылар құрамы үшін тіл оқыту курстарын ұйымдастыру мүмкіндігін қарауды ұсынды.
Талқылау жұмысы барысында AIISM курстары бойынша білім беру үрдісін 2015 жылдың қыркүйегінен бастау туралы шешім қабылданды. Павлодар мемлекеттік университетіне AIISM курстарын енгізу мамандықтары ретінде 6М060200 – «Информатика» және 6М070300 – «Ақпараттық жүйелер» таңдалынды.
Талқылау жұмыстары арасында үздіктер іріктеліп, орындаушылардан тұратын әр жұмыс тобының жұмысы бағаланды.