С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Студенттік өзін-өзі басқару және дамыту одағы» корпоративтік қоры, Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі Жастар ісі бойынша комитетінің ұйымдастыруымен жемқорлыққа қарсы күресуге бағытталған ауқымды «Таза сессия» науқаны өтті.
«Таза сессия» науқанының өтуіндегі мақсаты – студенттер арасында құқықтық сананы және азаматтық ұстанымның қалыптасуы, ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасын бұзу көріністеріне төзбеушілік тәртіпті қалыптастыру, жемқорлық фактілерін анықтау және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу.
Айтулы шараға 70 студент қатысты. Науқанды ұйымдастырушылардың айтуынша науқанды жүзеге асырудың мақсаты пара беру немесе пара алуды әшкере ету емес. «Таза сессияны» бастаушылардың көздегені – жастарға жемқорлық пен оның зардаптарын түсіндіру.
Науқан барысында жемқорлыққа қарсы насихаттар жүргізілді. Сондай-ақ, университеттің барлық ғимараттарында ұсыныстар мен ескертпелер үшін «Сенім жәшіктері» орнатылды. Сонымен бірге, науқан аясында студенттер арасында білім беру, емтихан өткізу қызметтерінің сапасына қанағаттануын анықтайтын анкеталық сауалнама өткізілді. Мұнымен қоса, жемқорлық мәселелері, емтихан уақыттарындағы келеңсіз фактілер турасында ашық пікір-талас алаңдары ұйымдастырылды.
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті басшылығы студенттер мен магистранттарды жоғары оқу орнындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған күреске белсене атсалысуына шақырады. С.Торайғыров атындағы ПМУ даму стратегиясы, тәрбие және әлеуметтік проректоры Арман Ақышев студенттерді өз құқықтарын қорғауға шақырды.
– Кез келген студент, магистрант «Таза сессия» науқанының өту барысын қадағалап, өз құқықтары шеңберінде сапалы білім алу әділеттілігіне қол жеткізуі шарт. С.Торайғыров атындағы ПМУ әрдайым сыбайлас жемқорлықтың алдын алуы және студенттерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы үгіттеу бойынша ақпараттық-түсіндірме жұмыс жүргізеді. Бұл шаралар алғашқы құқық бұзушылықтардың алдын алуға және білім алушылардың оқу орны аясында және күнделікті өмірде сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтардың мүмкін фактілеріне қырағылығын арттыруға бағытталып отыр, - деді Арман Айтмұхаметұлы.