2014-2015 оқу жылында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «Foundation» факультетінде шетелдік қазақ диаспоралары, оралмандар мен шетелдік азаматтар үшін даярлық бөлім ашылды.
Даярлық бөлімнің ашылу мақсаты шетелдік қазақ диаспоралары, оралмандар мен шетелдік азаматтардың бейімделуіне жағдай тудырып, алдағы уақытта елімізде білім алуына жол ашу болып табылады.
Павлодар мемлекеттік университеті даярлық бөлімнің алғашқы тыңдаушылары – Қытайдағы қазақ жастары. «Foundation» факультетінің мамандары қонақтарды оқу ордамызбен таныстырып, жоғары оқу орнының басшылығымен кездесу ұйымдастырды. С.Торайғыров атындағы ПМУ даму стратегиясы, тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры, саяси ғылымдарының докторы, профессор Арман Ақышев қонақтарды қарсы алып, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясындағы оқу-білім мәселесіне айрықша көңіл бөлді. «Елбасы алдағы уақытта білім беру ісін жаңа деңгейге көтеріп, жан-жақты дамыта берудің жолдарын анықтап, белгілеп берді. «Қазақстан – 2050» Стратегиясының оқу-білім жөніндегі бұл міндеттері де шетелдік қандастарымыз үшін өте маңызды. Өйткені, қазіргі кезде шетелдегі қазақ жастары атамекенге келіп, білім алуға өте ынталы», - деп түйіндеді Арман Айтмұхаметұлы.
Мұнымен қоса, кездесу барысында С.Торайғыров атындағы ПМУ оқу жұмыстары жөніндегі проректоры Нелли Пфейфер университеттің оқу процессі мен даярлық бөлімнің оқу жоспарына енгізілген пәндерге терең тоқталды.
Кездесу соңында Павлодар мемлекеттік университетінің болашақ студенттері Қазақстанда білім алуға ынтық екендерін жеткізді. Атамекенінде білім алу мүмкіндігіне ие болған жастар С.Торайғыров атындағы ПМУ қабырғасында барынша жан-жақты сапалы білім алу үшін жасалған жағдайлары, соның ішінде Студенттер үйінен баспана бергендері үшін университет басшылығына алғыстарын білдірді.