Сократ атындағы Халықаралық Номинациялық комитет «The Name in Science» (Ғылымдағы есімі) құрметті атағына С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ғалымы, т.ғ.д., «Механика және мұнайгаз ісі» кафедрасының профессоры, Ресей Жаратылыстану Академиясының корреспондент мүшесі, ғылым мен білім беру ісіне еңбегі сіңген қайраткер Нұргүл Смайлованы ұсынды.
Нұргүл Темірғалиқызы «The Name in Science» Кавалері атағына ие бола отырып, «Жасасын ғалым» жазуы және Сократ барельфімен көгілдір лентада таңбаланған «Әлем ғылымына қосқан үлесі үшін» ордендік белгісімен, сондай-ақ, «The Name in Science» Кавалері дипломымен марапатталады.
Ғылым, технология, білім беру саласындағы Еуропалық мәртебелі «The Name in Science» Award марапатын салтанатты тапсыру рәсімі 2014 жылдың 14 қазан күні Еуропаның ең көне университеттік әрі ғылыми орталығы – Оксфордта өтеді.
Айтулы рәсім Еуропалық бизнес-ассамблея, Еуропа Ректорлар клубы, Оксфордтық Академиялық бірлестік, беделді қоғамдық ұйымдар, жаһанның 16 елінің ғылыми және шығармашылық одағының қолдауымен Халықаралық Сократ комитетінің ұйымдастыруымен жүзеге асады.
Ғылыми мереке «Ғылым және білім» Халықаралық Саммиті көшбасшыларының бағдарламасымен қарастырылып, Оксфорд ратушасының бас залында өтеді деп көзделуде. Саммиттің өтуіне әлемге аты мәшһүр жоғары мектептер, оның ішінде Оксфорд университеті, Гарвард университеті, Стэнфорд университеті, Ұлттық Сингапур университеті, Мельбурн университеті, және де 12 мемлекеттің салалық Министрліктері қолдау танытты.
Нұргүл Темірғалиқызына жолданған «Ғылым және білім» Халықаралық көшбасшылар Саммитінің шақыру хатында былай делінген: «Сіздің жемісті атқарған ғылыми, кәсіби және қоғамдық жұмыстарыңыз Сізді тек Отаныңызда ғана емес, шетелдерде де танымал етті, сонымен қатар, Сізді әлемдік зияткерлік элита арасында құрметті орынға жайғастырды. Мәртебелі рәсімде және Саммит қатысушылары арасынан Сізді көрсек қуанышты болар едік. Сіздің қатысуыңыз Саммит бағдарламасын байыта түсетініне және Еуропаның ғылыми әрі іскерлік қоғамдастығы Сізді оң қабылдайтынына сенімдіміз».
Оксфорд Саммитінің ашылуына орай «Core issues and solutions for science and education» Сократтық Альманах басылып шығады деп жоспарлануда. Басылым Оксфорд университетінің Бодлиан кітапханасының қорына ұсынылған. Профессор Смайлова «The Name in Science» атағаның Кавалері ретінде Сократтық Альманахта өзінің ғылыми мақалаларын, кәсіби жетістіктері мен қызметінің биографиялық эссесін ұсыну мүмкіндігіне ие болды.