С.Торайғыров ат. ПМУ «Шапағат» өнертапқыштық саласындағы жетістіктердің Республикалық байқауында «Жылдың ең белсенді өнертапқышы» номинациясы бойынша бірінші орынды қанжығасына байлап, жеңіс тұғырынан көрінді.
Айтулы бәйгені өткізудегі негізгі мақсат елдің индустриалдық-экономикалық дамуындағы өнертабыстық қызметтің рөлін арттыру және насихаттау, сонымен қатар, аталған салаға инвестицияны тартуға және өндірістік секторға перспективті әзірлемелерді ендіруге жәрдемдесу. Сондай-ақ, байқау Қазақстан Республикасында зияткерлік меншік рөлінің арттыруға, мемлекеттің инновациялық дамуына қосқан еңбектері мен үлестерін мойындау арқылы өнертапқыштардың имиджін жақсартуға, өнертапқыштық және инновациялық салаға инвестиция тартуға жәрдемдесуге, өнертапқыштарды және олардың еңбектерін қоғамның мойындауына мүмкіндік туғызуды көздейді.
Республикалық өнертапқыш ғалымдардың «Шапағат» додасына С.Торайғыров атындағы ПМУ өнертапқыштары жыл сайын бағын сынап, жүлделі орындардан көрініп келеді. Байқауға жыл бойына берілген және жарияланған қолданыстағы өнертабысқа берілген инновациялық патент және патенті бар ұлттық патент иелері қатыса алады. Сонымен қатар, осы жылғы байқауда Павлодар мемлекеттік университеті ғалымдарының инновациялық тың 27 жобасы патенттермен қорғалды. Биылғы жылы байқау жұмысына С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың Металлургия, машинажасау және көлік факультеті мен Энергетикалық факультетінің өнертапқыш ғалымдары инновациялық жұмыстарымен қатысты. 2014 жылғы өнертапқыштар додасына отынды өндіру және энергетика саласындағы тың жобалар іріктеліп алынды. С.Торайғыров атындағы ПМУ «Жылдың ең белсенді өнертапқышы» атанды. 2014 жылдың 22 мамырда Астана қаласында жыл сайынғы «Шапағат» өнертапқыштық саласындағы жетістіктердің Республикалық байқауының салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтетін болады.
Аталмыш байқау ҚР Әділет Министрлігі, ҚР Білім және ғылым Министрлігі, ҚР Индустрия және сауда Министрлгі бірлесе ұйымдастыруымен өтті.