«Мәшһүртану» ғылыми-практикалық орталығы Павлодар облысы білім беру басқармасының Білім беруді және тәрбиелеуді дамытудың инновациялық орталығымен бірлесіп «Мәшһүр Жүсіп мұралары – ұлттық құндылық пен рухани байлықтың негізі» атты облыстық семинар өткізді.
Семинарға облыстың әр жерінен 60-тан астам қазақ тілі және әдебиет мұғалімдері қатысып, Мәшһүртану саласында қажырлы еңбек етіп жүрген ғалымдардан дәріс тыңдады. Семинар жұмысы ақын, философ Мәшһүр Жүсіп шығармаларындағы ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталды. Сол сияқты мектеп қабырғасында «Мәшһүртану» пәнін оқытуға мұғалімдердің қызығушылықтарын арттыру, осы салада тәжірибе алмасып, біліктілігін арттыру көзделді.
Семинар екі бөліктен тұрды. Оның алғашқысы – пленарлық отырыс (10.00-13.00). Семинар шымылдығы Гуманитарлық-педагогикалық факультетінің деканы Жақсыбай Тұрсынұлы Сарбалаевтың ректорат атынан орталықтың 10 жылдығын құттықтау сөзімен ашылып, өз лебізінде «Мәшһүртану» ҒПО-на толағай табыстар тілей отырып, келешекте үлкен жетістіктерге жететініне үлкен сенім білдірді.
Семинар барысында ф.ғ.д., профессор Айтмұхамет Қасымбайұлы Тұрышев ақын өмірі жөнінде кең мәлімет беріп, бүгінде ақынның шығармаларына текстология жасау мәселесі өте өзекті болып отырғанын жеткізді. Ал п.ғ.д., профессор Еңлік Өсербайқызы Жұматаева «Интеллектуалды ұлт құрау үдерісінде Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының философиялық көзқарасын жүзеге асыру» атты тақырыпта баяндама жасап, «Мәңгілік ел» құру жолында Мәшһүр Жүсіп шығармалары ұлттық тәрбие мен ұлтттық рухты көтеруде маңызды рөл атқаратындығын айқындап берді. Бағдарлама бойынша келесі сөз алған орталықтың жетекші маманы ф.ғ.к., доцент Мұқатай Төлеубайұлы Тезекбаев ақын шығармаларында араб-парсы сөздерінің көп кездесуі орыс тілінде аудару кезінде көп қиыншылықтар тудыратындығын байқатты. Оның пікірінше, әсіресе, ақын шығармаларындағы ұлттық нақыштарды жеткізу аударманың басты міндеті болып табылатындығын айтты. Сол сияқты Арслан Жастілекұлы Көпеев «Мәшһүр Жүсіп шығармаларындағы ұлттық құндылық пен рухани байлық мәселелері» атты тақырыпта баяндама оқып, ақын өлеңдеріндегі ұлттық құндылықтардың сипатын ашса, магистрант Қалдыгүл Манашқызы Абдуллаева ақын еңбектеріндегі адамтану мәселесіне тоқталды. Ал «Мәшһүртану» ҒПО-ның к.ғ.қ. Сарагүл Әмірханқызы Ысқақ Мәшһүртануды оқытудың мәселерін де сөз етті.
Пленарлық отырыс соңынан кейін ауылдан жиналған мұғалімдерге университет қабырғасында Мәшһүр Жүсіптің 155 жылдығына арналып ашылған кабинет-мұражайға саяхат жасалып, ондағы экспонаттарға мағлұмат берілді.
Семинардың екінші бөлігінде ауыл мұғалімдері өз аудандарында Мәшһүртану саласы бойынша атқарылып жатқан игі жұмыстары жөнінде хабарлап, тәжірибелерімен бөлісті.