2014 жылдың 12 наурызында С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Академик С. Бейсамбаев атындағы Ғылыми кітапханасында әлемдік деңгейдегі теңдессіз «Бабалар сөзі» атты қазақ фольклорының 100 томдық топтамасының тұсаукесер рәсімі өтті.
С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың С. Бейсамбаев ат. ғылыми кітапханасында «Фолиант» баспасының (Астана қ.) 100 томнан тұратын «Бабалар сөзі» атты қазақ фольклорының ұлы топтамасы ұсынылды.
Шараның басты мақсаты – халқымыздың ұлттық мақтанышы саналатын аса бай фольклорын қалың жұртшылыққа, Қазақ еліне толықтай таныстыру, фольклорымыздың түр жағынан да, мазмұн жағынан да, жанрлары мен көркемдігі жағынан да баға жетпес асыл мұрасын жан-жақты насихаттау.
Аталмыш іс-шараға ғалымдар, ақын-жазушылар, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, оқырман қауым қатысты. Солардың ішінде ПМУ ғалымдары, атап айтсақ, Қазақ филология кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.д., профессор Нартай Жүсіп, Журналистика кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.д., профессор Қырықбай Алдабергенов. Сонымен қатар, журналистика саласының ардагері, ПМУ профессоры, Е. Бекмаханов атындағы тарих және этнография ғылыми-практикалық орталығының бас ғылыми қызметкері Жұмасейіт Бижан шараның арнайы қонақ болып табылды.
Іс-шараға қатысқан Қырықбай Мазанұлы өз сөзінде былай деді: «Біз кітаптан ешқашан да айырыла алмаймыз. Сондықтан, «Бабалар сөзі» кітаптар топтамасында біздің халқымыздың тарихы, әдебиеті, рухани байлығы ұсынылған. Өткенді білмей, болашақ болмайды».
Тұсаукесер аясында «Бабалар сөзі» сериясының 100 томдығы және «Фолиант» баспасынан жарық көрген басқа да жаңа кітаптардың көрмесі ұйымдастырылды.