2013 жылы 13 желтоқсанда С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпы Еңбек қоғамына жиырма қадам» атты мақаласының негізгі қағидаттарын талқылауға арналған ғылыми-практикалық конференция жұмыс жасады.
Конференцияны С.Торайғыров атындағы ПМУ Ғылыми жұмыс және инновация бойынша проректоры, б.ғ.д., профессор Нұрлан Ержанов ашып, өз сөзінде: «Әлеуметтік жаңғыртудың мақсаттары мен мәні қоғамды жаңа индустриялық – инновациялық экономика жағдайына дайындау, еліміздің үдемелі экономикалық дамуы мен қоғамдық игіліктерді молынан қамтамасыз ету арасындағы тепе-теңдікке жету, құқық негіздерінде әлеуметтік негіздерді бекітуден тұрады», - деп айтты.
Павлодар мемлекеттік университетінің ғалымдары конференция жұмысына бүгінгі қоғамда өзекті тақырыптарды арқау еткен баяндамаларды ұсынды. Бағдарламаның басты аспектілеріне терең тоқталып, пысықтап шыққан ф.ғ.к., профессор Серік Әлмұханов пен Әлеуметтану және саясаттану кафедрасының аға оқытушысы Гүлнар Шамшудинова; Кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау ұлттық экономиканың қозғаушы күші ретінде қарастырған э.ғ.к., профессор Алексей Титков; елдің әлеуметтік жаңғыртылуы ретінде жастарды негізгі құрамдас күш екенін өз баяндамасында бейнелеген з.ғ.к., доцент Нұрсұлу Мұсабекова; қоғамның жаңғыртылу саясатында ақпараттық мәдениеттің маңыздылығы турасында әңгімелеп берген т.ғ.к., доцент Зулейха Марданова; Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттары жөнінде мағлұмат берген Менеджмент кафедрасының аға оқытушысы Әділ Қуанышбаев.
Еңбек, білім-ғылым, әлеуметтік, экономика салаларымен ұштасып жатқан Елбасының қазақстандықтарға арнаған бұл жолдауы елдің өмір сүру сапасын артыруға бағытталған, әрі сол үшін нақты қадам жасаудың бағдарламалық құжаты болып табылады. Мемлекет Басшысының Жалпы еңбек қоғамына арнаған мақаласының мақсаты: әлеуметтік жаңғырудың нақты іске асыру ғана емес, қоғамдық сананың жаңғыруы деп түсінген жөн. С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде өткен бұл конференция мақалада көрініс тапқан игі мақсаттарды іске асырудың және қолдаудың дәлелі.