С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті Физика, математика және ақпараттық технологиялар факультетінің деканы, ф.-м.ғ.к., доцент Нұрлыбек Испулов РФ Қадрларды даярлау ұлттық қоры (Мәскеу қ.) ұйымдастырған Шаңқай ынтымақтастық ұйымы елдерінің «Жас ғалымдар» мектебінде білімін жетілдірді.
Аталмыш іс-шара шетелдік мемлекеттердің саяси, қоғамдық, ғылыми және іскерлік салалары бойынша жас мамандардың Ресей Федерациясына қысқа мерзімді танымдық сапарларын іске асыру үшін «Жаңа ұрпақ» атты бағдарламасы аясында өтті.
Шаңқай ынтымақтастық ұйымы елдерінің «Жас ғалымдар» мектебінің мақсаты: білім, ғалым және технологиялар саласындағы интеграциялық үрдістердің дамуы, жан-жақты білімділік; ғылыми және мәдени ынтымақтастықты кеңейтуге себепші болу; Ресей, Белоруссия, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Тәжікстан, Өзбекстан елдері арасындағы татулық пен өзара сенімділікті нығайту.
Қазақстандық делегация өкілі ретінде Нұрлыбек Айдарғалиұлы FabLab сандық өндіріс аптасының шеңберіндегі «Сандық өндірістің дербестігі» халықаралық конференциясына және шеберлік-кластарына қатысты. Сонымен қатар, делегация өкілдері Ұлттық зерттеу технологиялық университетінің Мәскеу болат және қоспалар институтындағы қазіргі заманға сай зертханаларымен және ЖОО-ның білім және ғылыми жұмыстарымен танысып өтті.
Шаңқай ынтымақтастық ұйымының «Жас ғалымдар» мектебі аясында ғылыми ынтымақтастық, халықаралық зертханаларды құру, ғылыми зерттемелерді коммерциялау және де оларды бизнесте қолдау секілді мәселелер қозғалды.
Бағдарламаның соңында делегациялардың мүшелері «FabLab 1.5» халықаралық конференцияға және Шаңқай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттерінің «Жас ғалымдар» мектебі жұмысына қатысқаны үшін MIT сертификаттарымен марапатталды.