2013 жылдың 11 қазанында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде белгілі қазақ ақыны, ағартушы, қоғам қайраткері С.Торайғыровтың 120 жылдығына орай «VI Торайғыров оқулары» атты дәстүрлі халықаралық ғылыми-практикалық конференция өз жұмысын бастады.
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Ғылыми жұмыс пен инновациялар бойынша проректоры Нұрлан Ержанов конференцияның ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде: «Біздің университет Павлодар өңірінің ғылыми және мәдени өмірінде әрдайым көш басында келеді. Өйткені, бүгінгі Павлодар мемлекеттік университеті қабырғасында өтіп жатқан ғылыми конференция тәуелсіз мемлекеттің дамуына сүбелі үлес қосатыны сөзсіз. Еліміздің белгілі де бірегей ағартушысы С.Торайғыровтың халық игілігіне қалдырған мұрасы өшкен жоқ, естен шыққан емес. Оның асыл мұраларының кейінгі ұрпаққа жетуі үшін бүгінгі ғылыми шараны ұйымдастырушылар мен қатысушылардың үлесі зор», – деп мәлімдеді.
Конференция жұмысына құрметті қонақтар ретінде қазақстандық «Арыс» баспаханасының басшысы, ф.ғ.д. Ғарифолла Анесов, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Журналистика кафедрасының профессоры, ф.ғ.д. Меңдігүл Шыңдалиева, Омск мемлекеттік педагогикалық университетінің Әдебиет кафедрасының меңгерушісі Вероника Москвина, Этвас Лоранд университетінің профессоры Андрас Золтан (Венгрия) қатысты. Конференцияға жиналған ғылым сүйер қауымға Ирландиядан шақыртылған Дублин технологиялық университетінің профессоры Энн Мерфи өз баяндамасын ұсынды. Ол баяндамасында жаһандану дәуіріндегі жоғары білім жүйесіндегі интеграциялық үдерістер турасында қызықты мәліметтерімен бөлісті.
Конференция жұмысы барысында техникалық, жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдарының өзекті мәселелері қозғалды. Алайда, С.Торайғыров шығармашылығының ерекшеліктері және оның қазақ қоғамының дамуына қосқан үлесі жайындағы талқылаулар мен мәлімдемелер конференцияның басты тақырыбы болды.
Сөзін түйіндей келе Нұрлан Тельманұлы: «бүгінгі конференцияға қатысушылар ұлы жерлесіміз Сұлтанмахмұт Торайғыровтың демократия, ағартушылық және қайырымдылық жолындағы ұлы істерінің лайықты жалғастырушысы болатынына сенемін», – деді.