С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «Агрономия» және «Орман ресурстары» мамандықтары бойынша білім алып жүрген студенттері Германияның «DEULA-Nienburg» Ауыл шаруашылығы академиясының оқу орталығында кәсіби тәжірибеден өтіп келді.
Аграрлық сала бойынша екі ел аралық ынтымақтастықтың аясында студенттермен және мамандармен академиялық алмасу туралы «DEULA-Nienburg» Ауыл шаруашылығы академиясының (Германия) директоры Берндт Антельман Павлодар облысына арнайы іссапармен келу барысында қол қойылған меморандумда анық көрсетілген еді.
Халықаралық ынтымақтастық шеңберінде С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «Агрономия» және «Орман ресурстары» мамандықтары бойынша оқып жүрген студенттері Ерсайын Неғманов (ОРжОШ-201 тобы), Ерік Жұманов (Агр-202 тобы), Бауыржан Мамадалиев (ОРжОШ-201 тобы), Андрей Сутягин (ЛРиЛ-202 тобы), Әсия Шарипова (Агр-302 тобы), Динара Маусенова (Агр-302 тобы) «DEULA-Nienburg» Ауыл шаруашылығы академиясына (Германия) кәсіби сынақтан өтуге жіберілді.
Сонымен қатар, С.Торайғыров атындағы ПМУ әкімшілігі, атап айтсақ, ПМУ ректоры, э.ғ.д., профессор Серік Өмірбаев, Агротехнологиялық факультетінің деканы, а.-ш.ғ.д., профессор Тоқтар Бексеитов Германияға ресми түрде шақырылып, «DEULA-Nienburg» Герман академиясының тұрмыстық жағдайларымен және ғылыми-техникалық базасымен танысып келді.
ПМУ-дың студенттері Германиядағы оқу барысында Нинбург қаласының ауылшарушылық кәсіпорындарымен және фермерлік шаруашылықтарымен танысты. Алған мәліметттерді студенттер арнайы күнделік бетіне түсіріп отырды.
Германияда қазақстандық студенттерімен бірге Ресей, Белоруссия, Украина, Парагвай, Бразилия елдерінен келген студенттер білім алды.
Кәсіби тәжірибе кезінде ПМУ-дың студенттері қорытынды емтихан тапсырды.
Нинбург Академисының әкімшілігі С.Торайғыров атындағы ПМУ студенттерінің білім деңгейіне разы болды. «Ары қарай қазақстандық студенттерге Германия университеттерінің магистратурасына түсуіне жағдай жасаймыз», – деді Академия директоры Берндт Антельман.
Келешекте С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің оқытушыларының «DEULA-Nienburg» Ауыл шаруашылығы академиясында (Германия) кәсіби сынақтан өту және баламалы энергия көздері туралы бірлескен бағдарламалар жасауды жоспарлап отыр.