2013 жылдың 31 мамырында есімі алты алашқа мәлім қазақтың дарынды композиторы, әнші ақын, халық-азаттық қозғалысының қаһарманы, солақай саясат кесірінен қуғын-сүргінге ұшыраған Иманжүсіп Құтпанұлының 150 жылдығына орай Павлодар облысы әкімдігі ұйымдастырған мерейтойлық іс-шаралар аясында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті (Ломова көшесі, 64) «Қазіргі кезеңнің мәдени-тарихи дәстүріндегі Иманжүсіп» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Конференция жұмысына шетелдік жоғары дәріжелі қонақтар, атап айтсақ, белгілі Ресей Ғылым академиясының академигі, т.ғ.д. Нәйлә Бекмаханқызы (Мәскеу қ., Ресей), «Джэй энд Эс» халықаралық компанияның бас директоры Юлия Привалова (Омск қ., Ресей), Ресейлік атақты сәулетші, «Шоқан жолы» қоғамдық ұйым басқармасының мүшесі Сәкен Құсайынов (Омск қ., Ресей), еліміздің көрнекті мемлекеттік және қоғам қайраткерлері: Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты, академик Ғарифолла Есім, Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Құқықтық саясат жөніндегі кеңестің мүшесі Ермек Жұмабаев, халық жазушысы Төлен Әбдік, Қазақстан Хореографтар одағының төрағасы, ақын, жазушы Дүйсенбек Нақыпов, «Қайнар» университеті (Алматы қ.) жанындағы қазақ тарихы мен өркениеті институтының директоры, т.ғ.д. Клара Хафизова, сонымен қатар, белгілі ғалымдар, республикалық журналдар мен газеттердің бас редакторлары мен Иманжүсіп ұрпақтары қатысты.
Конференцияның салтанатты ашылу рәсімінде Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты Ғарифолла Есім «Павлодар облысы алдындағы еңбегі үшін» құрмет белгісімен марапатталды. Сонымен қатар, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті Ғылыми Кеңесінің шешімі бойынша РҒА Ресейлік тарих инстиуттының бастаушы қызметкері, академик, Ресейлік Шығыстанушылар қоғамының мүшесі Нәйлә Бекмаханқызына «С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың құрметті профессоры» атағы берілді.
Конференция қатысушылары өз баяндамаларында Иманжүсіптің рухани мұрасының тарихи рөлі мен қазіргі жастардың патриоттық тәрбиесіне ақын шығармашылығының үлесі туралы ой қозғады.
Халықтың біртуар ұлы Иманжүсіп Құтпанұлының 150 жылдық мерейтойлық іс-шаралары - республикалық деңгейдегі оқиға. Шараны ұйымдастырушылар конференцияның материалдар жинағын шығарды. Конференция өткен күні ПМУ фойесінде кітап көрмесі және Павлодар облыстық Г.Н.Потанин атындағы Тарихи-өлкетану мұражайы жасаған Иманжүсіптің өмірі мен шығармашылығына арналған экспозиция ашылды.
Әбіш Кекілбаев ақын, сазгер, палуан Иманжүсіп туралы былай деген еді: «Иманжүсіп – бертінгі тарихымыздағы романтикалық және қаһармандық тұлғалардың бірі. Ол - табиғатынан суреткер, шығарма адамы, композитор, ұлы музыкант. Ол халық жүрегінде жаңғырып тұратын қайталанбас, теңдесі жоқ ерліктер жасады. Өзінің адалдығымен, ешбір қатыгездікті мойындамау арқылы, кез-келген әлеуметтік жауыздыққа қарсылығымен ол әр кезең адамдарын қызықтырып тұрмақ».