2013 жылдың 8 мамыр күні Павлодар қаласының Достық үйінде С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Е. Бекмаханов атындағы өлкенің тарихы және этнографиясы ғылыми-практикалық орталығының Қазақ энциклопедиясымен бірлесіп жасаған Ертістің Павлодар өңірінің энциклопедиясының тұсау кесері болды.
Қазақ тілінде тұңғыш шыққан Ертістің Павлодар өңірінің энциклопедиясының құндылығы мен мазмұнына облыс әкімі Ерлан Мұхтарұлы Арын жоғары баға берді. «Павлодар облысының 75 жылдығына орай жарыққа Ертістің Павлодар өңірінің энциклопедиясы шықты. Бұл еңбекке 4000 ғылыми әрі танымдық мақалалар енгізілген. Энциклопедияның алдағы шыққан өңірлік энциклопедиялардан еректігі өз аймағымызбен ғана шектелмей, Қазақ халқына, еліне ортақ тарихи деректер сипатталған», - деді облыс әкімі Ерлан Арын өңіріміздің зиялылары жиылған қауым алдында.
Аталмыш энциклопедияда біздің өңірдің көпшілікке белгілі де, бізге беймәлім тарихы, өсу, даму кезеңдері, жүйеленген, жан-жақты қамтылған. Энциклопедияны оқыған адам бұрынғы өткен ғасырларда өлкемізде өмір сүрген дарынды да ержүрек тұлғаларымыздың жасаған еңбектері ғасырлардан ғасырларға жалғасып келе жатқанын және оның келер ұрпақтың бай рухани қазынасы екенін түсінеді.
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Серік Мәуленұлы Өмірбаев өз сөзінде: «С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті облысымыздың мәдени іс-шараларының барлығына белсенді атсалысып келеді. Университеттің Е.Бекмаханов атындағы өлкенің тарихы және этнографиясы ғылыми-практикалық орталығы Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің, С.Торайғыровтың тұлғалық энциклопедияларын шығарғаны белгілі. Енді міне, бүгін Сіздердің назарларыңызға Ертістің Павлодар өңірінің энциклопедиясы Қазақ энциклопедиясы редакциясымен бірлесіп жасаған жұмысымызды ұсынып отырмыз. Бұл энциклопедияда аймағымыздың тарихы, ел азаматтарының еңбектері мен жаңалықтары көрініс тапқан. Энциклопедияда өткен ғасырларда өмір сүрген дарынды тұлғалардың ізі, олардың дара еңбектері берілген. Кейінгі жас ұрпаққа мұра етуге лайық құнды дүние деуге болады», - дей келе өлкесін сүйер азаматтарды баға жетпес еңбектің жарыққа шығуымен құттықтады.
Аталмыш еңбектің жарық көруіне атсалысқан жандарды облыс әкімі Ерлан Арын құттықтап, қала әкімі мен Баянауыл әкіміне және жиылған зиялы қауым өкілдеріне Павлодар қаласының энциклопедиясы, Павлодар қаласының тарихи мұражайы және Баянауыл өлкесінің энциклопедиясының дүниеге келуіне еңбек етуіне тапсырма берді. Бұл игі істе аймағымыздың көш басшылары мен ғалымдарына еңбегіне табыс, жұмыстарын шығармашылық тілейміз.