2013 жылдың 3 сәуірінде С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Алматы облысының құрметті тұрғыны Күмісжан Өмірбаева ПМУ-дың студент жастарымен кездесті.
Кездесуді ашқан С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры, э.ғ.д., профессор Серік Өмірбаев ПМУ-дың оқытушылары мен студенттеріне облыс әкімі Ерлан Арын Қазақстан Республикасының белгілі мемлекет, қоғам қайраткері Күмісжан Өмірбаеваны 70 жылдық мерейтойына орай туған жеріне арнайы шақырғаны туралы мәлімдеп, университеттің аса қадірлі қонағы ретінде таныстырды. Бұл кездесуді Серік Мәуленұлы республикалық маңызы бар оқиға деп бағалады.
Күмісжан Өмірбаева – Павлодар облысы, Краснокутск ауданының тумасы, орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі, саясаттанушы, заңгер. Ол «Құрмет белгісі» орденімен және бес медалмен марапатталған. 2006 жылы «Қазақстанның алтын әйелдері» номинациясының жүлдегері, Алматы облысының құрметті азаматшасы. Құрметті демалыстан бұрын атқарған қоғамдық қызметтері: Қазақстан ОК комсомолының мүшесі, Қазақстан Компартиясы ОК мүшесі, ҚР әйелдер кеңесінің төрайымы, Совет әйелдері Комитеті президиумының мүшесі, СОКП-тің 28-ші съезінің делегаты, Алматы қаласының әкіміне қарасты отбасылық-демографиялық саясат, әйелдер жұмысы жөніндегі Комиссияның мүшесі, Алматы қаласы және Қазақстан Республикасының Парламентінің ардагерлер кеңесі президиумының мүшесі.
Күмісжан Өмірбаевамен бірге келген құрметті қонақтар, ҚР белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері: жолдасы Валерий Серікбаев, Талдықорған облысы әкімінің бұрынғы орынбасары, еңбек ардагері Қалима Жазылбекова, еңбек ардагері, Алматы облысының құрметті тұрғыны Нығмет Садуақасова.
Кездесу барысында Күмісжан Сағындыққызы өз сөзінде ПМУ-дың басшылығына алғысын білдіріп, Қазақстан жоғары оқу орындарының арасында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің беделі бар екенін айтып кетті. Бұл қазіргі заманға сай материалдық-техникалық базасымен жабдықталған, бірегей басылымдармен толықтырылған кітапхана, сонымен қатар, инновациялық зертханалық-техникалық кешені бар жоғары оқу ордасы екендігін атап көрсетті.
Кездесу соңында Күмісжан Өмірбаева «С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің құрметті докторы» атағына ие болды.