2013 жылдың 12 наурызында Қазақстан Республикасы Президенті телерадиокешенінің түсірушілер тобы «EXPO-2017» халықаралық көрмесінің қарсаңында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «жасыл энергетика» саласында жүргізілген зерттеулер жөнінде материал дайындады.
Жаңа дәуірге орай жаңаша бастамалар легін 2017 жылы Астанада өтетін «EXPO» көрмесінен көретін боламыз. Елбасымыздың қаулысы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені қазақстандық ғалымдардың «EXPO-2017» халықаралық көрмесіне орай дайындап жүрген ғылыми зерттемелері туралы фильмдердің көрсетіліміне дайындалуда.
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің инновациялық және жаңа технологиялар жөніндегі проректоры, б.ғ.д. Нұрлан Ержанов Елбасымыздың телерадиокешені түсірушілер тобы назарына техникалық ЖОО негізінде ашылған ПМУ-дың тың зерттемелерімен таныстырып қана қоймай, бастамалардың тарихына да үңіле кетті.
ПМУ-дың Энергетика факультетінің деканы, т.ғ.к., профессор Александр Кислов астаналық түсірушілер тобына университеттің қуат үнемдеу орталығымен танысуды ұсынды. Орталықтың ғалымдары зерттеп шығарған басты қондырғысы – суды электр тогы разрядтарының күшімен зарарсыздандыратын құралы.
Сонымен қатар, Александр Петрович келген қонақтарға университет аймағында орналасқан қуаты 2,2 кВт 4 желді-генераторлық қондырғылары және қуаты 8,6 кВт 10 күн панелдерін көрсетті. Аталмыш қуат үнемдейтін қондырғылар ПМУ-дың студенттік филармониясы, соған қоса, концерттік залын жарықтандырады. Алдағы кезеңде университет зерттеушілері Ертіс өзенінде бөгетсіз су электр құрылымын салуды жоспарлауда.
Жалпы айтқанда, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ғалымдары алдағы «EXPO-2017» халықаралық көрмесіне жоғары деңгейде дайындалып жатқандарын көрсетті.