Торайғыров университетінің зерттеу тобы Малайзияның Путраджая қаласында өткен STEM Education Leadership for Change (SELC) халықаралық жобасы серіктестерінің өңірлік кездесуіне қатысты. «Bridging One Health and STEM Education for Learning Innovation and Quality Improvement» тақырыбындағы басқосуда жобаның алғашқы жылының қорытындылары талқыланды.
SELC жобасын Chevron компаниясының қолдауымен SEAMEO STEM-ED орталығы үйлестіреді. Оған Индонезия, Қазақстан, Малайзия, Филиппин және Таиланд елдері қатысуда. Қазақстандағы жобаның үйлестірушісі – Caravan of Knowledge ұйымы.
Кездуде университет атынан зерттеу тобының мүшелері, шетел филологиясы кафедрасының меңгерушісі Айнагүл Қаббасова мен профессор Ақмарал Қайырбаева қатысты. Олар «Зерттеулерді мониторингтеу, бағалау және қорытындылау» сессиясында Қазақстанда жүргізілген зерттеу нәтижелерін халықаралық әріптестер назарына ұсынды.
Зерттеу жұмысы мектептегі білім сапасын арттыруға әсер ететін бірқатар факторларды зерделеуге бағытталған. Атап айтқанда, педагогтердің көшбасшылық қабілеттерін дамыту, кәсіби біліктілігін жетілдіру, әдістемелік қолдау көрсету және STEM тәсілдерін оқу үдерісіне енгізудің ықпалы қарастырылған.
Сонымен қатар мектептегі басқарушылық қолдаудың, педагогикалық тәжірибені жетілдірудің және оқушылардың ой қорыту, жаратылыстану-ғылыми сауаттылық пен проблемаларды шешу дағдыларын дамыту арасындағы байланысқа ерекше назар аударылды. Бұл бағыттар PISA халықаралық зерттеуінің талаптарымен сабақтастырыла қарастырылған.
Өңірлік диалог аясында қазақстандық зерттеудің нәтижелері халықаралық академиялық ортаға таныстырылып, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің өкілдерімен тәжірибе алмасуға мүмкіндік туды. Сондай-ақ SELC жобасының екінші жылында атқарылатын жұмыстар мен алдағы зерттеу бағыттары талқыланды.

