Торайғыров университетінде Халықаралық студенттер күніне арналған мерекелік іс-шара өтті. Мереке университет пен колледж студенттерінің басын қосып, түрлі мәдениет пен ел өкілдеріне өзара танысып, шығармашылық қабілеттерін танытуға және студенттік бірлікті сезінуге мүмкіндік берді.

 

Іс-шара барысында студенттерді Жастар саясаты және әлеуметтік мәселелер департаментінің директоры Ризат Рахимжанов пен студенттік ректор Станислав Кириченко құттықтады. Олар өз сөздерінде студенттік шақтың маңыздылығына, жастардың белсенді азаматтық ұстанымына және университет өміріне араласудың мәніне тоқталды.

 

Мерекелік бағдарлама музыкалық және би қойылымдарына, флешмобтарға, интерактивті ойындар мен әзіл-сықақ нөмірлеріне толы болды. Студенттер «Көзімнің қарасы» әнін орындаса, «Жастар рухы» және «Кампус» шығармашылық ұжымдары өз өнерлерін ортаға салды. Ал «УанХаус» командасының қатысушылары КВН форматында әзілге толы қойылым ұсынды.

 

Сонымен қатар көрермендер арасында музыкалық викторина мен «Сәтті сәтті ұста» ойыны ұйымдастырылып, жеңімпаздарға сыйлықтар табысталды.

 

Мереке барысында университеттің халықаралық студенттер қауымдастығына да ерекше назар аударылды. Бүгінде TOU-да 9 мыңнан астам студент білім алады, олардың 500-ден астамы – шетелдік білім алушылар. Әртүрлі елдер мен мәдениет өкілдерін ортақ қызығушылық, білімге деген ұмтылыс және өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруға деген талпыныс біріктіреді.

 

Мерекелік кеш студенттердің бейресми жағдайда бас қосып, көңіл көтеруіне мүмкіндік берген дискотекамен аяқталды.