Торайғыров университеті мен Ұлыбританияның University of Sussex III Халықаралық стратегиялық әріптестер форумында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

 

Бұл келісім 2026 жылдың қыркүйегінде британдық университет делегациясының Торайғыров университетіне жасаған сапары кезінде басталған келіссөздердің жалғасы болды.

 

Әріптестік аясында университеттер жасанды интеллект пен ақпараттық технологиялар салаларында бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды жүзеге асыруға ниетті. Сонымен қатар студенттер мен оқытушылардың академиялық алмасуын дамыту, магистранттар мен докторанттардың ғылыми жұмыстарына бірлесіп жетекшілік ету, семинарлар өткізу, халықаралық гранттық жобаларды әзірлеу және зерттеу зертханалары арасында тәжірибе алмасу жоспарланып отыр.

 

Ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі – оқытушылардың кәсіби біліктілігін арттыру. Осы мақсатта заманауи педагогика, цифрлық технологиялар мен білім берудегі жасанды интеллект, инклюзивті оқыту, білім беру саласындағы көшбасшылық және ғылыми зерттеу әдіснамасы бойынша арнайы курстар әзірленеді.

 

Сондай-ақ Торайғыров университетінің оқытушылары «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында University of Sussex базасында тағылымдамадан өтіп, білімдерін жетілдіруге мүмкіндік алады.

 

Бұдан бөлек, University of Sussex Business School сарапшыларын тарта отырып, басқару, инновациялар бағытында бірлескен бағдарламаларды іске асыру мүмкіндігі қарастырылады.

 

Қол қойылған меморандум университеттер арасындағы ұзақ мерзімді әріптестікті нығайтып, бірлескен білім беру және ғылыми бастамаларды нақты жобаларға айналдыруға негіз болады.