Торайғыров университетінде Ақсу ферроқорытпа зауытының өкілдерімен кәсіптік бағдар беру кездесуі өтті. Кездесуге ERG компаниясының «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалының сенімділік жөніндегі инженері Артем Кузнецов, технология жөніндегі менеджер Александр Шутов, сенімділік бөлімінің басшысы Қайрулла Айдарханов, сондай-ақ таланттарды дамыту жөніндегі сарапшылар Радмила Павлова, Жанна Умирова және Дана Касьянова қатысты.

 

Кездесуге «Машина жасау және реверс-инжиниринг», «Металлургия және рециклинг», «Жылу энергетикасы», «Электр энергетикасы», «Автоматтандыру және өнеркәсіптік робототехника» білім беру бағдарламаларының 3 және 4-курс студенттері қатысты. Болашақ түлектер жұмысқа орналасу және диплом алдындағы тәжірибеден өту мүмкіндіктері туралы ақпарат алды.

 

ToU-дың бітіруші курс студенттері үшін бұл кездесу болашақ мансапқа бастайтын нақты қадамдардың бірі болды. Диплом алу қарсаңында сенімді жұмыс берушіні таңдау маңызды мәселеге айналады. Ал өңірдегі ірі өнеркәсіптік кәсіпорын студенттерге кәсіби дамудың нақты мүмкіндіктерін ұсынды.

 

«Қазхром» компаниясының HR-департаменті өкілдері мен техникалық сарапшылар жас мамандарды қолдауға арналған бағдарламалар туралы егжей-тегжейлі баяндады. Студенттерге кәсіби және мансаптық өсуге арналған мүмкіндіктер таныстырылды. Олардың қатарында жұмысқа орналасу кезінде берілетін көтерме төлемдер, өтемақылар, ERG Skills кәсіби шеберлік байқауларына қатысу мүмкіндіктері және жастар көшбасшылығын дамытуға бағытталған бағдарламалар бар.

 

Болашақ инженерлер, металлургтер, энергетиктер мен IT-мамандар үшін жұмыс берушілермен ашық диалог ерекше қызығушылық тудырды. Студенттер еңбек жағдайлары, жалақы деңгейі, өндіріс цехтарын цифрландыру және технологиялық үдерістерді автоматтандыру туралы өздерін толғандырған сұрақтарын тікелей қоюға мүмкіндік алды.

 

Кездесу қорытындысы бойынша бітіруші курс студенттерінің бірқатары үміткерлер сауалнамасын толтырып, түйіндемелерін «Қазхром» компаниясының кадрлық резервіне тапсырды. Бұл – елдегі ірі тау-кен металлургиясы компанияларының бірінде кәсіби жолын бастауға жасалған маңызды қадам.